Ресейге қатысты санкциялар Қазақстанның мұнай нарығына шығуына кедергі емес
Standard&Poor's халықаралық агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB-/А-3» деңгейінде бағалады, яғни тұрақты.
Қазақстанның рейтингіне әсер еткен маңызды факторлар - ел экономикасының тұрақты фискалдық және сыртқы баланстары. Бұл ретте өтімді сыртқы активтерінің болуы Қазақстанның фискалдық тұрақтылығына оң әсер еткен.
S&P өзінің есебінде мемлекеттік және сыртқы баланстар алдағы жылдары тұрақты болып қала беретінін және ықтимал макроэкономикалық тұрақсыздықты жұмсарту үшін жеткілікті болатынын атап өткен.
Агенттіктің ақпаратына сәйкес, Ресейге қатысты экономикалық санкциялардың қайталама салдарын еңсеруге болады және Қазақстанның негізгі мұнай мен газ экспорттық нарықтарына шығуына кедергі болмайды.
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның тиімді макроэкономикалық саясаты экономиканы әртараптандыру, жеке секторды дамыту, халықтың табысын арттыру, инвестициялық ахуалды жақсарту, салық саясатын жетілдіру арқылы жалғасады.
Жалпы, S&P Қазақстан экономикасының өсуін 2022 жылы 3,6% және 2025 жылға дейін орташа есеппен 4% деңгейінде болжап отыр.