Еліміздегі энергияның 6%-ы жаңартылған энергия көздерінен алынады
ЖЭК секторына құйылған инвестицияның жалпы көлемі 1 трлн теңгеден асты
Қазақстанда энергияның 6%-ы жаңартылған энергия көздерінен (ЖЭК) алынады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Айта кетсек, қазір елімізде 2 955 МВт электр энергиясын өндіретін ЖЭК-тің 130 нысаны жұмыс істейді. Олар энергияның 6%-ын өндіреді.
Аукцион арқылы сауда-саттықты енгізу бәсекеге қабілетті жобаларды іріктеп, тиімді жүйені құруға мүмкіндік берді. Инвесторлардың жоғары белсенділігі мен жүйенің ашықтығы ЖЭК электр энергиясына бағаның төмендеуіне ықпал етеді, – деді «Атамекен» ҰКП Базалық салалар департаментінің директоры Дінмұхаммед Құдайбергенов.
Qazaq Green қауымдастығының дерегінше, 2018 жылдан бастап Қазақстанда жаңартылған энергия көздері жобаларын іріктеу үшін аукциондық сауда-саттық механизмі іске қосылды. Нәтижесінде соңғы бірнеше жылда 130 ЖЭК нысаны жұмысын бастады әрі салаға 1 трлн теңге инвестиция құйылды.
2018-2022 жылдары жалпы қуаты 1445,7 МВт болатын 77 аукцион өтті. Жобалардың басым бөлігі жел электр станцияларына тиесілі. 424,5 МВт электр энергиясын өндіретін 19 станция пайдалануға берілді.