Екі ел әуе жолдарының географиясын да кеңейтпек
Үкіметаралық комиссияның XII отырысында Қазақстан мен Түркияның сауда-экономикалық ынтымақтастығын дамыту мәселесі талқыланды.
Нұр-Сұлтан қаласында премьер-министр Әлихан Смайылов пен Түркия вице-президенті Фуат Октайдың төрағалығымен Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Түркия үкіметаралық комиссиясының XII отырысы өтті.
Отырыс барысында тараптар екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың ауқымды мәселелерін талқылады. Атап айтқанда, транзиттік-көлік, өнеркәсіп, туризм, геология, денсаулық сақтау және агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды. Сондай-ақ екі ел арасындағы әуе жолдарының географиясын кеңейту және тұрақты рейстер санын арттыру қажеттілігіне назар аударылды, – дейді үкімет.
Түркия — Қазақстанның маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан мен Түркия арасындағы тауар айналымы 33%-ға өсіп, $4,1 млрд асты.
«Екі ел әріптестігінің стратегиялық сипатына тоқталған премьер-министр 2021 жылы Қазақстаннан Түркияға экспорт 39%-ға өсіп, шамамен $3 млрд жеткенін, 2021 жылы Түркиядан Қазақстанға импорт 20,5%-ға артып, $1,1 млрд құрағанын атап өтті», – делінген ақпаратта.
Бүгінгі таңда түрік бизнесі Қазақстанда жалпы құны $5,5 млрд құрайтын инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Өз кезегінде Түркия вице-президенті Ф.Октай Түркия Қазақстанмен барлық бағыт бойынша екіжақты ынтымақтастықты әрі қарай нығайтуға дайын екенін, мұның өзара тиімді әріптестікті дамытуға ықпал ететінін атап өтті, – дейді ведомство.
Отырыс аясында экономикалық ынтымақтастық бойынша жан-жақты келіссөздер жүргізілді. Қазақстан тарапынан индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі, сауда және интеграция, ұлттық экономика, денсаулық сақтау вице-министрлері және басқалары қатысты. Түрік тарапынан индустрия және технология, сауда, көлік және инфрақұрылым, денсаулық сақтау вице-министрлері қатысты.
«Соңында ҮАК отырысының қорытынды хаттамасына қол қойылып, бірлескен жоспар қабылданды. Ресми делегация мүшелері өзара сауда-экономикалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылау үшін екіжақты кездесулер өткізді», – делінген мәліметте.