Қыркүйекке дейін Қазақстанға кіргізілген көліктерді заңдастыру: Сенат заң жобасын қабылдады
Ұлттық экономика министрі құжат экономикаға оң әсер ететінін айтты
Сенатта «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексіне және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодексін қолданысқа енгізу туралы» заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қабылданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, заң жобасы президенттің тапсырмасын іске асыру аясында әзірленген.
«Бірінші блок – еңбекақы қорына жүктемені азайту. Мемлекет басшысы былтырғы Қазақстан халқына жолдауында жиынтық жүктемені азайтып, микробизнес және шағын бизнес үшін еңбекақы төлеу қорынан алынатын бірыңғай төлемді енгізуді тапсырған. Бүгінде еңбекақы қорынан мөлшерлемелері, есептеу базалары әртүрлі бірнеше төлемдер жүзеге асырылады. Бұл төлемдерді бір төлемге біріктіру ұсынылып отыр», – деді ведомство басшысы Сенаттың жалпы отырысында.
Министр әлеуметтік аударым мөлшері қызметкерлерге төленетін болашақ төлемдерге әсер ететіндіктен, жүктемені жеке табыс салығы есебінен төмендету көзделіп отырғанын атап өтті.
Бірыңғай мөлшерлеме міндетті зейнетақы жарналарын енгізуді және әлеуметтік аударымдар мөлшерлемесінің өсуін ескереді. Төлемді арнаулы салық режимдеріндегі микробизнес және шағын бизнес субъектілері ерікті негізде қолданатын болады. Сома бірыңғай жиынтық төлем тетігіне ұқсас бөлінеді, – деді Әлібек Қуантыров.
Әлібек Қуантыров бұл бірыңғай төлем салық пен еңбекақы төлемдерін есептеуді жеңілдетіп қана қоймай, салық жүктемесін азайтуға да мүмкіндік беретінін айтты.
Заң жобасындағы түзетулердің екінші блогы салалық заңнамалардағы өзгерістерге қатысты.
Конституциялық соттың құрылуына байланысты бұл сотқа жүгінген кездегі мемлекеттік бажды белгілеу және халықтың әлеуметтік осал топтарын аталған баждан босату ұсынылған.
Келесі норма жер қойнауын пайдалану саласына қатысты. 2024 жылдан бастап мемлекеттік балансты жүргізу тоқтатылады. Қорлар жаңа жүйе бойынша бағаланады. Осыған байланысты пайдалы қазбаларды өндіру салығын салу объектісін өзгерту ұсынылып отыр.
Түзетулердің үшінші блогы отандық тауар өндірушілерді ынталандыруға бағытталған.
«Балық аулау кәсіпорындары балықты өңдеу кезінде қосылған құн салығын 70%-ға азайту туралы норма ұсынылды. Қазір мұндай жеңілдікті балық өсіруші қожалықтар қолданады. Қант өндірісін ынталандыру үшін қант импортын (шикі) қосылған құн салығынан босату, сондай-ақ қант өндірушілер үшін қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктің қолданылу мерзімін ұзарту ұсынылып отыр. Келесі норма тазартылған алтынды сатуға қатысты. Қазір Ұлттық банкке мұндай алтынды сату кезінде қосылған құн салығынан босату ескерілген. Осы норманы алтынды зергерлерге де сату кезінде қолдану ұсынылды», – деді Қуантыров.
Сонымен қатар түзетулердің келесі блогы жеке адамдардың төлемдеріне қатысты.
Чек бермеу фактілері туралы хабарлағаны үшін сыйақы алу, ипотекалық кредит бойынша берешекті есептен шығару, жалға алу құнын төмендету және тұрғын үйді жалға алуға бюджеттік субсидиялар алған кездегі салық салу тәуекелдері жойылды, – деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ заңда Қазақстанға 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін жеткізілген автомобильдерді заңдастыру кезінде бастапқы тіркеу үшін 200 мың теңге сомасында алым мөлшерлемесін белгілеу ескерілген.
Электр тұрмыстық техниканы өндіру бойынша жеңілдіктер нарыққа қосымша инвесторларды тартып, жоғары мультипликативтік әсер береді. Бұл өндірістік алаңдарды орналастыруды ұлғайтуға әсер етеді. Биыл 1 қыркүйекке дейін әкелінген автомобильдерді заңдастыру үшін алғашқы тіркегені үшін бірыңғай алымның белгіленуі 300 мыңға жуық автокөлікті есепке қоюға жағдай жасайды, сондай-ақ осы автомобильдер бойынша көліктерге салынатын салық жергілікті бюджетті толықтырады. Тұтастай алғанда, аталған заң жобасы салық төлеушілерге, мемлекеттің мүдделеріне, сондай-ақ ел экономикасына оң әсерін тигізеді деп есептейміз, – деді сенатор Ғұмар Дүйсембаев.
Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жолдауында 1 қыркүйекке дейін Қазақстанға әкелінген көліктерге қатысты ахуалды реттеуге тапсырма берген еді. Кейін шетелдік 300 мың көлік жеңілдетілген тәртіппен рәсімделуі мүмкін екені хабарланды.