×

Тек Алматыға ғана сырттан қарыз алуға болады - Ұлттық экономика министрі

Әкімдікке теңгемен қарыз беруге ниетті халықаралық ұйымдар бар

 Еркеғали Болатұлы 23.11.2022 | 17:09
фото: nur.kz

Алматы әкімдігіне қала маңындағы елді мекендердің мәселесін шешу үшін сырттан қарыз алуға рұқсат етіледі. Бұл туралы бүгін Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.

Ол Мәжілісте бірінші оқылымда мақұлданған Агломерацияларды дамыту туралы заң жобасы Алматы қаласының әкімдігіне сырттан қарыз алу құқығын беретінін атап өтті.

Мұндай мүмкіндік тек Алматы қаласына ғана беріледі. Қаражат Алматы маңындағы агломерацияның аумағында орнықты орналасқан инфрақұрылымды дамыту жобаларына жұмсалуы керек. Ал оның лимиті бюджетті реттейтін нормаларға сай белгіленеді. Алматы қаласының бюджеттік мүмкіндіктері белгіленген. Демек аталған мақсатқа алынатын сыртқы қарыздың лимиті сол белгіленген бюджет мүмкіндіктерінен аспауы шарт. Лимит осы негізде реттеледі, - деді министр Мәжіліс кулуарында.

Сондай-ақ ол аталған мақсаттағы қарызды Алматы әкімдігі тек теңгемен ғана ала алатынын мәлімдеді. Айтуынша, әкімдікке теңгемен қарыз беруге ниетті халықаралық ұйымдар бар.

«Дүниежүзілік банк тобы бар ғой. Оның IFC (International Finance Corporation) дейтін құрылымы бар. Осы IFC ұжымы Алматы қаласының әкімдігіне тиісті қаражат беруге дайын», - деді Әлібек Қуантыров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама