Halyq Uni логотип
×

Ресейліктер «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алайын деп жатыр

ҚМГ басшылығы оларға шектеу қойылмайтынын айтты

 Ербол Тұрымбет 23.11.2022 | 16:19
Ресейліктер «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алайын деп жатыр
Коллаж: Halyq Uni

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның IPO-сына резидент еместер де AIX (Астана халықаралық қаржы орталығының биржасы) пен KASE (Қазақстан қор биржасы) мүшелері арқылы өтініш беріп, қатыса алады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жоспар бойынша, басымдық жергілікті инвесторларға, яғни Қазақстан азаматтарына басымдық берілетін болған. Бірақ, AIX-ке халықаралық инвестициялық банктер де мүше. Сондықтан резидент емес азаматтар солар арқылы, тіпті қазақстандық брокерлер арқылы да өтініш бере алады. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Қарабаев бүгін IPO-ны түсіндіру бойынша өткен тікелей эфир кезінде айтты.

Айта кетерлігі, rbc сайты ресейліктердің «ҚазМұнайГаз» IPO-сына қатыса алатынын жазған еді. Тіпті, «Тинькофф Инвестиции», «БКС Мир инвестиций» және «Финам» секілді брокерлер ресейліктерден өтініш қабылдауды бастап кеткенін растаған. Олар акция саудасын теңгелей жүргізбек. Бірақ тікелей емес, қайталама нарықта сатып алмақшы. Әйтсе де үстінен еш ақша қоспай, бастапқы бағасымен алатындары айтылып отыр.

Осы тұста Ресей ақпарат құралдарының кеше жазған ақпаратын да айта кетуіміз керек. өткен аптада теңге-рубль саудасы 4,2 млрд рубльге жеткен. Ол алдыңғы аптадағы көрсеткіштен 7%, ал жаз айларындағы көрсеткіштерден 3-4 есе асып кеткен.

Дегенмен, «Самұрық-Қазына» АҚ департаментінің директоры Дастан Әдиқожаев қор тарапынан да, ҚМГ тарапынан да шетелдіктермен ешқандай келісім жоқ екенін айтып отыр. Бірақ, бұл бәрібір өзге ел азаматтары ҚМГ IPO-сына қатыстырылмайды деген сөз емес.

Ал мұндағы Қазақстан азаматтарына басымдық беріледі деген сөз «Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚМГ басшыларының айтуынша, артылған акциялар ғана шетел азаматтарына сатылады дегенді білдіреді. Оған қоса, ҚМГ сапалы әрі әртараптандырылған инвесторлар базасын құруға мүдделі екенін айтып отыр. Яғни, тек жеке инвесторлар ғана емес, солармен бірге халықаралық инвестициялық қорлардың да қатысқанын қалайтынын жасырмады.

Айта кетерлік тағы бір жайт, «Самұрық-Қазына» АҚ акциялардың бір қолға шоғырланып қалғанын қаламайды. Яғни, әлдекімнің 50 немесе 100 млн доллар жұмсап, акцияның көп бөлігін сатып алуына жол бергісі жоқ. Ондай жағдай болса, әуелі осы шараға қатысып жатқан банктер деңгейінде, сосын негізгі акционер – «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығы деңгейінде, одан соң Үкімет деңгейінде қарастыратындарын жеткізді.

«Самұрық-Қазына» АҚ мен ҚМГ басшылары акция құнының келешекте өсе беретініне сенімді. Компания қарызының бірте-бірте азаюы, бірқатар инвестициялық жобаға кірісуі, сонымен бірге «Теңіз» мұнай көзін кеңейту, яғни, өндіріс көлемін 27-ден 40 млн тоннаға дейін арттыру, (ҚМГ ТеңізШеврОйл-дың 20% акциясын ие), Қашағандағы мұнай өндірісін арттыру, мұнай өңдеу сынды жобалар акциялардың құнын өсіреді деп болжайды.

IPO нәтижесінде акционерлерге алдағы үш жылда 200 млрд теңге кепілді дивиденд үлестірілетіні белгілі. Бірақ ол үшін мұнайдың жылдық орташа бағасы 70 доллардан кем болмау керек.

Естеріңізге салайық, таяуда сарапшылар ҚМГ акцияларының биржаға шығарылуын әлеуметтік дүмпуге алып келуі мүмкін екенін айтқан еді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама