×

«Субсидияны тамыр-таныстар ғана алады»: 330 компания мемлекеттің мойнына мініп алған

Әрбір төртінші компания бес жыл бойы субсидия алып келген

 Бауыржан Мұқанов 21.11.2022 | 10:47
Фото: NAC Analytica

Мемлекеттен жыл сайын орта есеппен 330 орта және ірі компания субсидия алып тұрады. Ал экономиканың 26 секторының 11-інде бар болғаны 10 шақты компания бүкіл нарықтың 50%-ын иеленіп алған. Астанада «Экономика туралы сөйлесу: Қазақстан жаңа болмыс аясында» тақырыбында өткен кездесу барысында осындай өткір пікір айтылды.

NAC Analytica экономикалық модельдеу орталығы Қазақстанның орта және ірі 30 мың кәсіпорнының 2009-2019 жылдарда жүргізген қызметіне талдау жүргізіпті. Мәлім болғанындай, мемлекеттен жыл сайын орта есеппен 330 орта және ірі компания субсидия алып тұрған. Қаржының басым бөлігі ауыл шаруашылығы мен көрсетілетін қызметтерге бөлінсе, 4%-ы ғана өңдеуші өнеркәсіпке бөлініп келген. 

Бір қызығы, компаниялардың 25%-ы 2014 жылдан 2018 жылға дейін бес жыл бойы тұрақты түрде субсидия алып келген. Өңдеуші өнеркәсіп саласында істейтін компаниялардың 21%-ына субсидия алты жыл қатарынан берілген. Ауыл шаруашылығында бұл көрсеткіш 51%-ды көрсетеді. Тағы бір дерек, өңдеуші секторда ең көп субсидия алатын 5 фирманың нарықтағы үлесі 40%-дан 83%-ға дейін жетеді, – дейді  аталған зерттеу орталығының аға зерттеушісі Зарина Әділханова.

Оның айтуынша субсидия бөлудегі орынсыз, әділдікке жатпайтын жақтастық әрекеттердің салдарынан Қазақстанның экономикасы бүгінде тым монополиянып кеткен.    

«Мысалы, экономиканың 26 секторының 11-інде бар болғаны 10 шақты компания нарықтың 50%-ын иеленіп алған. Бұл секторларда өнімділік те бәсекелестік те төмен. Тіпті бәсекелестік жоғары дейтін секторлардың өзінде, мысалы тамақ өнімдері өндірісінде 10 компания нарықтың 16%-ын қамтиды. Ал сусындар шығару өндірісінде 30%-ды алып жатыр. Қалған 12 секторда ірі фирмалардың нарықтағы үлесі 30%-дан 50%-ға дейін барады», – дейді З.Әділханова.   

Орталықтың эконометриялық есептеу нәтижелеріне сәйкес еліміздің индустрия саласында өнімділік 2009-2017 жылдар аралығында едәуір түсіп кеткендігі анықталды. Мал шаруашылығы, тоқыма бұйымдары және дәрі-дәрмектерді қоспағанда, экономиканың алты секторында, негізінен дәнді дақылдар өндірісі, тамақ өнеркәсібі, металлургия және дайын металл бұйымдары саласында өнімділік айтарлықтай төмен.  

Тағы бір мәселе - ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар. Қазақстанда тіркелген фирмалардың 4,4%-ы ғана ғылыммен айналысады. Олардың 14,5%-ы өңдеуші өнеркәсіпте, 5%-ы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Бұл Қазақстанның нарығы үшін өте аз, – дейді NAC Analytica аға зерттеушісі.

Маманның айтуынша, мемлекеттен көмекқаржы алатын әрі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жаңа өнімдер мен жаңа технологияларды ендіретін фирмалар өздерінің өнімділігін екі есеге дейін арттырады. Яғни ғылыми жұмыстармен айналыспайтын кәдімгі фирмалармен салыстырғанда олардың тиімділігі 18%-ға жоғары.  

Сонымен қатар мемлекеттің қатысуымен жұмыс істейтін немесе толығымен мемлекет меншігіндегі кәсіпорындармен салыстырғанда шетелдік капиталы бар немесе шетелдік тұлғалардың меншігіндегі жеке кәсіпорындардың қызметі анағұрлым тиімді екендігі анықталды. Бұдан басқа инвестиция, компанияның табысы, жалақы, сондай-ақ қызметкерлердің біліктілігіне көңіл бөлу – компаниялардың өнімділігін арттыра түседі. 

«Экономиканы әр тарапты дамыту үшін оған мемлекеттің қатысуын азайтып, ғылымға жіті көңіл бөліп, жаңа технологияларды енгізу қажет. Ал ол үшін отандық нарықта еркін бәсекелестік болуы керек, – деп сөзін қорытындылады Зарина Әділханова. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама