Қызылордалық студенттер күріш қалдығынан қағаз шығарып жатыр
Тыңнан түрен салған жас ғалымдардың бұл еңбегіне қызығушылар да көп
Қызылордалық студенттер күріш қауызы мен сабанынан қағаз шығарып жатыр. Тың бастама елімізде бұрын-соңды болмаған. Жас ғалымдар оның сапасы айналымда жүрген кеңсе қағаздарынан кем түспейді деп отыр. Өңір үшін бұл бастаманың экологиялық жағынан тиімділігі де зор болмақ.
«Астана» телеарнасының хабарлауынша, өңірде бір жылда шамамен 500 мың тонна күріш жиналады. Одан шығатын қалдықтың да көлемі соған пара-пар. Дән жиналғаннан кейін сабандар алқаптарда өртеледі. Ал оның адам денсаулығына зияны көп дейді жас ғалымдар. Сондықтан олар күріш қалдықтарын кәдеге жаратып, қағаздың негізгі шикізатын ойлап тапқан.
Целулоза бізде қарапайым А4 кеңсе тауары болып табылады. Осының құрамында бар. Жалпы, біз жасаған целулозаның проценті толығымен стандарттық жобаларға сай келеді. Толығымен қағаз болып шығу үшін біздің алғанымыз – кішкене бөлекшері. Бұған бірінші кезекте үлкен жұмыс күші және үлкен аппараттар да қажет болады, - дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Мағжан Бекқожаев.
Бұл шикізаттан кеңсе қағазынан бөлек, салфетка мен дәретхана қағазын да шығаруға болады. Тіпті, әскери құрылғылар жасауда да қолданылады екен. Тыңнан түрен салған студенттердің бұл еңбегіне қызығушылар да көп екен.
Алматы қағаз шығаратын зауыт бар. Соның өкілдері келіп, біздің жұмысқа қызығып, үлгілерімізді алып кетті. Одан бөлек, ресейлік ғалымдар бар. Ғылым қорының басшылығы да келіп, осы жұмысқа қызығушылық танытты. Қазір инвестор болуға дайын тұрған бизнес әріптестеріміз де бар, - дейді университеттің зерттеуші-профессоры Нұрбол Аппазов.
Айта кетсек, 6 жылдық еңбектің нәтижесін көрген ғалымдар күріш сабанын зерттеуді одан әрі жалғастырмақ. Олар енді биотыңайтқыштар жасап жатыр.