Қазақстандықтар мүмкіндігіне қарамай, кредит ала береді – Жамаубаев
Бүгінде кредиттер санынан депозиттер саны артық
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев базалық мөлшерлемені төмендетуге қатысты пікір білірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Сенаттың жалпы отырысынан шыққан министрге журналист «Кеше Халық банкінің төрағасы да базалық мөлшерлемені түсіру керек деген ұсыныс айтты. Бұл туралы сарапшылар да айтып жүр. Қаржы министрі ретінде базалық мөлшерлемені түсіру елдегі азаматтарды несиеге белшеден батудан қорғай ала ма?» - деген сұрақ қойды.
«Пайыздық мөлшерлеме көтерілсе, барлық несие мен депозит бойынша мөлшерлемелер де артады. Мұнда 2 фактор бар. Біріншіден, несие алу процесі сәл бәсеңдейді, оны мойындау керек. Оның ішінде тұтынушылық несиелер азаяды. Бұл да дұрыс шығар. Себебі макроэкономикада сондай ұғым бар. Экономика қатты «қызбауы» шарт, яғни кредиттер саны көбейген сайын экономикадағы инфляция да өсе береді», - деді Үкімет басшысының орынбасары.
Сондай-ақ ол экономиканың заңы бойынша ақша неғұрлым көп болса, қымбатшылық бола беретінін де атап өтті.
Екіншіден, қазіргі біздің банктерде беріліп жатқан кредиттер санынан депозиттер саны артық. Бұл халықтың арасында жинақтаушылыққа деген ұмтылысты арттырады. Қазір банктердегі депозиттерге халық 11-ден 15%-ға дейін ақша салып отыр. Бұл банктердегі депозиттердің көбеюіне әсер етеді. Түбінде базалық мөлшерлеме түскенде бұл жердегі қаражат экономиканы қаржыландыруға жұмсалады.
Банктердің өздерінің қаражаты 10-15% ғана, қалған қаржының барлығы – халықтан жинаған немесе кәсіпорындардан тартқан депозиттер. Соны экономика кредит ретінде береді. Енді бұл – экономика мәселесі. Әрине, Ұлттық банк кредиттерді тежеуге мәжбүр. Кредит өскен сайын баға өседі. Себебі кредит сұранысты күшейте береді. Адамдар көп жағдайда өздерінің мүмкіндігіне қарамай, кредит ала береді, - деп сөзін түйіндеді Ерұлан Жамаубаев.