Үкіметте алдағы 2-3 жылдық жоспар жоқ
Инфляция мәселесіне қатысты қысқамерзімді шешімдер жоқ. Экономист Олжас Құдайбергеновтің айтуынша, экономиканы әртапартандырамыз дегеннің өзінде инфляция барлық мемлекетте өсіп жатыр. Ал ұзақмерзімді шешімдер туралы айтсақ, біріншіден ол өз өндірісімізді дамыту, екіншіден валюталық-монетарлық тұрақтылық орнату. Яғни, валюта қысқамерзімде өзгермеу керек.
Қысқамерзімде 2-3 ай немесе жарты жылда Үкіметте төмендететіндей құрал жоқ. Олар не істесе де инфляция осылай болады. Бірақ келесі жылы құдай қаласа, инфляция төмендейді деген үмітім бар, дейді экономист.
Оның ойынша, дамыған елдердегі қиын жағдайлар одан әрі қиындай берсе, оларда инфляция күшейеді, сосын бізде де күшейеді. Турасын айтқанда, біз соларға қатты тәуелді болып тұрмыз. Логистикалық тізбекті алып қарасақ, керісінше, келесі жылы тіпті қиындайды деген қаупін айтты.
Себебі, Тайванда қауіпті сценарий жүзеге асса, онда ол жағдай бәріне әсер етеді. Сондықтан қазіргі жағдайда қысқа уақытта жағдайды түзейтін ғажайып шешім жоқ деген ойда.
Ал экономист Рахым Ошақбаевтың пікірінше, еліміз жарты жылда экспорттан 42 млрд доллар тапқан. Одан бөлек, алтын-валюта қорымыз 100 млрд долларға жетеғабыл. Яғни, біздегі валюта қоры бүкіл ақша массасынан артық. Демек, оның сөзінше, біз елімізде валютаны тұрақты ете аламыз. Солай етуіміз керек те. Себебі төл валютамыз үнемі құнсызданып бара жатқанда мықты экономика құра алмаймыз.
Естеріңізге сала кетейік, Рахым Ошақбаев қазір шын инфляцияның 40 пайыздан асатынын айтқан еді.
Айта кетейік, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов 15 қарашада Қаржыгерлердің Х конгресінде еліміздегі инфляцияның шарықтау шегі 2023 жылдың бірінші тоқсанына келетінін болжаған еді. Ал сол жылдың соңына қарай 7,5-9,5% аралығына оралу керек.