«Инфляция 40%-дан асады». Сарапшы ресми статистиканың тым бұрмаланғанын айтты
Астанада 77 мың бала балабақшаға мұқтаж
Қазақстанда ресми статистикаға деген сенім өте төмен. Негізгі деген макрокөрсеткіштер тым бұрмаланған, шынайы жағдайды анық көрсете алмайды. «TALAP» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаевтың айтуынша, оған бірнеше нақты мысал келтіруге болады.
Айталық, бізде жұмыссыздық деңгейі ылғи шамамен 5% айналасында деп айтылады. Қандай жағдай болмасын, сол деңгей сақталып келеді. Бірақ ол мәліметке сенім жоқ.
Инфляция қазір 18,8% деңгейінде бағаланып отыр. Ал тәуелсіз баламалы есеп бойынша азық-түлік инфляциясы биыл кем дегенде 40%-дан асады.
Экономикалық өсімде де солай. ІЖӨ-нің басым бөлігі көлеңкелі экономикадағы үлес әдісімен есептеледі. Ол жақтан да шынайы жағдайдың орнына жалған мәлімет берілуі мүмкін.
ШОБ белсенділігіне келсек, ресми статистика жаңадан ашылған ЖК саны бойынша есеп береді. Шындығына келгенде, Рахым Ошақбаевтың пікірінше, ҚҚС шекті мөлшерін түсірген соң бәрі бөлшектеніп, бір ашылып, бір жабылып шашылып кетті. Ал коммерциялық жылжымайтын мүлікке сұраныс секілді негізгі индикаторлар бойынша қарасақ, іскерлік белсенділік төмендеп бара жатыр.
Мысалы, жазда Үкімет мектепке дейінгі білім беру жөнінен 99,9% қамтыдық деп есеп берді. Ал статистиканың өзі оны 58%, ал Астанада тіпті 38% екенін көрсетіп берді. Яғни, елордада шамамен 77 мың бала балабақшаға бармайды деген сөз. Соған қарамастан ел алдында бірде 84%, бірде 99% деген мәлімет берілді. Сайып келгенде, тапсырма орындалған болады, әрі ешкім таяқ жемейді, дейді ол.
Қазір халықтың әл-ауқаты қандай екенін ешкім толық білмейтініне нық сенімдімін. Ал біз оның тым нашарлағанын сезініп отырмыз.
Ол туралы айтылмайды. Бір ғана мысал, халықтың несиеге батуы. Сонау 2017 жылдан бастап «Жеке тұлғалар туралы» заң қабылдау керектігін, елімізде несие мерзімін өткізіп алғандардың саны 1,5-нан 3 млн-ға дейін баратынын айта бастадық. Сол үшін маған фейк ақпараттармен шабуыл жасауға дейін барды. Яғни, халықтың 30%-ы несиеге батып қалғаны былай тұрсын, қарыз тұңғиығына түсіп кеткен. Қалайда бірдеңе істеу керек болды, дейді сарапшы.
Бірақ мұндай көрсеткіштер жарияланбайды. Керісінше, банктер халықты одан сайын несие құлдығына сала беру үшін ол көрсеткіштерді жасырып қалады. Есесіне, бізде керемет экожүйе, тамаша қосымшалар жасалды деген құр мақтан алда тұрады.
Жағдайды түзеу үшін инклюзивті институттар құру керек. Ол әрине, өте қиын, ұзақ уақыт алатын шаруа. Бірінші кезекте ол шаруамен қоғам айналысуы керек. Біз сіздермен бірге азаматтық қоғам институттарының белсенділігін арттырып, Үкімет пен министрліктен нақты көрсеткіштерді сұрап отыруымыз керек, дейді Рахым Ошақбаев.