×

Шымкенттік кәсіпкерлер бизнес-омбудсменге шағымданды

Қазақстанда тауарды тасылмалдау жылдамдығы 6 есе төмендеген

 Дәурен Ерболат 16.11.2022 | 12:34
Фото: Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі

Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов Шымкент қаласының кәсіпкерлерімен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кездесуде «Қазақбитум» компаниясының бас директоры Ержан Бейсенбаев қалада локомотивтер жетіспейтінін айтып, бұл өңір экономикасының дамуына кері әсерін тигізіп жатқанын мәлімдеді.

«Біздің компания Ресейден битум әкеледі. Ресей шекарасынан Шымкентке дейін шикізаты бар вагондар 3-4 күн жол жүреді. Ал Шымкент станциясынан Тоғыз станциясына дейін кем дегенде 5 күн жүреді, кейде тіпті одан да көп уақыт кетеді. Теміржолшылардың айтуынша, оларда бір ғана локомотив бар», - деді кәсіпкер.

Салдарынан зауыт жұмысы жиі тоқталады екен, ал оны іске қосу үшін тағы 2-3 күн керек.

Қала қажетті битум көлемін ала алмай отыр. Өңірде оның тапшылығы пайда болды. «Қазақстан темір жолы» АҚ-мен Шымкенттегі локомотив тартымын қамтамасыз ету бойынша мәселені шешуді сұраймыз, - деді Ержан Бейсенбаев бизнес-омбудсменге.

Рустам Жүрсінов ҚТЖ-ға локомотивтердің жоқтығына, вагон ағындарының дұрыс бағытталмауына, астық тасығыштардың жетіспеушілігіне және тағы басқа шағымдар көп түсетінін атап өтті. Оның айтуынша, жалпы Қазақстанда тауарды тасымалдау жылдамдығы 6 есе төмендеген. Бұл экономиканың дамуына кері әсерін тигізеді.

Бұл – жергілікті деңгейде шешілмейтін күрделі мәселе. Келесі аптада біз осы мәселе бойынша ҚТЖ басшылығымен кездесуді жоспарлап отырмыз. Кездесуге монополияға қарсы агенттікті, Индустрия және сауда министрлігінің өкілдерін шақырамыз. Қандай шешімге келгеніміз туралы бизнесмендерге жеке есеп береміз, - деді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

«Шымкентмай» АҚ және «Шымкентмай-Доня» ЖШС өкілдері қосымша құн салығының (ҚҚС) асып кету ережесін қайтару Қазақстанның экспорттық кәсіпорындарын ынталандыру бастамасына қайшы келетінін айтады.

Өзгерістер 2022 жылғы 11 сәуірінен бастап қолданысқа енгізілді.

«Ережеге енгізілген бұл өзгерістер экспорттық әлеуетті қысқарту сияқты жағымсыз факторларды тудырады. Салдарынан валюталық түсім қысқарады, шикізатты қайта өңдеу көлемі азаяды және тиісінше отандық нарықтың әлеуметтік маңызы бар тауармен қамтамасыз етілуі нашарлайды», - деді кәсіпкерлер.

Бизнес-омбудсмен Астанаға барғаннан кейін ҚҚС-ның асып кетуін қайтару ережесіне өзгерістер енгізу мәселесін пысықтайтынын жеткізді.

Сондай-ақ еліміздегі бірегей «Шымкент кашемир» жүн өңдеу кәсіпорнының директоры Санат Шағанбекұлы 2023 жылғы 1 мамырдан бастап жүн экспортына кедендік баж салығы қайтадан енгізілетінін айтты.

2021 жылы ҰКП арқасында Қазақстанда жүнге 10%-дық экспорттық баж салығы алып тастаған еді. Салдарынан 2 жылға экспорттық баждың жойылуына қол жеткізілді. Яғни 2023 жылғы 30 сәуіріне дейін. Алайда онда Қазақстанда жуылған жүнді қабылдайтын жаңа кәсіпорындар іске қосылған жағдайда деген талап болды. Бүгінде жағдай өзгерген жоқ, жаңа зауыттар іске қосылмады, елде сұраныс жоқ. Біздің өніміміз тек шетелде ғана сұранысқа ие, - деді Санат Шағанбекұлы.

Ол өнімді тұтынатын жаңа өндірістер құрылғанға дейін жүнге экспорттық бажды жоюды сұрады.

«Бүгін сіздің мәселеңіз бойынша баж салығына жауапты Сауда вице-министрімен және Индустрия министрімен хабарласамын. Біз Үкіметке барамыз. Менің ойымша, 30 сәуірге дейін үлгеруге тиіспіз», - деді бизнес-омбудсмен.

Сондай-ақ Шымкент ӨКП өңірлік кеңесінің мүшесі Тахирбек Нышанбаев жанармай құю станцияларына салық салу мәселесін көтерді. Оның айтуынша, қаладағы ЖЖМ сатумен айналысатын кәсіпкерлерді салық органдары тексеруі әбден мүмкін. Оған Энергетика министрлігі қабылдаған соңғы құқықтық актілердің әртүрлі болуы себеп.

АЖҚС иелері аталған ведомствоның бұйрығы шыққаннан кейін салық органдарына есептілікті қалай тапсыру керек деп бас қатырып отыр.

Энергетика министрінің бұйрығымен дизель отынының шекті бағасы белгіленді. Бұл ретте АЖҚС-ға одан әрі салық салу мәселесі туындайды, есептілікті тапсыру кезінде түсінбеушіліктер бар. Кәсіпкер дизель отынын сату бағасы бойынша дәлелді базаны қалай ұсынады? - деді Тахирбек Нышанбаев.

Бизнес-омбудсмен кездесуде өзекті мәселелер қозғалғанын атап өтті.

«Мәселелердің басым бөлігі – республикалық деңгейде. Олардың бір бөлігін қабылдау кезінде бірден шешуге тырыстық, бір бөлігін Астанаға барғаннан кейін тиісті ведомстволармен пысықтаймыз», - деді Рустам Жүрсінов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама