Есіл ауданында 397 мыңға жуық тұрғын бар
Таяуда Алтай Көлгінов Астана қаласының Есіл ауданын екіге бөлу жоспары бар екенін мәлімдеген еді. Осы орайда, Halyq Uni «сол жағалаудағы» халық саны мен әлеуметтік жағдайына шолу жасады.
Есіл ауданының жалпы аумағы 39 359 гектар. Халық саны, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылғы 1 қазанда 396 670 болды.
Ауданда 57 084 шағын және орта кәсіп субъектілері тіркелген. Олар 2300 кәсіпкерлік нысандарда жұмыс істейді. Субъектілер 123 635 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жыл басынан бері аудан кәсіпкерлері жергілікті бюджетке 48,2 млрд теңге салық төледі. Сонымен қатар, 1 қазанда түскен ақпарат бойынша, бөлшек тауар айналымының көлемі 398 465,1 млн теңгеден асса, өнеркәсіп өндірісінің көлемі 55 953,6 млн теңгені құрады.
2021 жылдың есепті кезеңінде ауданда 7 023 адам тұрақты жұмысы жоқ деп тіркелген. Бұл еңбекке қабілетті халық санының 4,5%-ы.
Ауданда 24 жалпы білім беру мектебі бар. Онда 66 мыңға жуық оқушы білім алады. Қазір қаланың егжей-тегжейлі жоспарында аудан бойынша мектеп салуға 16 жер учаскесі белгіленген. Есіл ауданында 107 мектепке дейінгі білім беру мекемелері орналасқан. Оның ішінде 36 мемлекеттік балабақша, 71 жеке балабақша, 7 шағын орталық. Балалар саны – 23 478.
Ауданда 1029 көппәтерлі үй орналасқан. Пәтерлердің жалпы саны – 239 960, ал жалпы ауданы 9 598 400 шаршы метрді құрайды. Пәтерлерде ауданның 360 535 тұрғыны тұрады.
Бұдан бөлек ауданда 4 тұрғын алабы бар. Мұнда 6209 жеке үй орналасқан.