×

Премьер-министр Skoda басшылығымен кездесті

Кездесуде Қазақстанда көлік құрастыру перспективасы талқыланды

 Дәурен Ерболат 16.11.2022 | 08:35
Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Skoda Transportation компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Дидье Пфлегермен Қазақстанда теміржол және қалалық қоғамдық көлік шығару, техникалық қызмет көрсету және жаңғырту жөніндегі жобаларды іске қосу перспективаларын талқылады, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Ол инвесторлар үшін түрлі салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылғанын ескеріп, компанияның елімізде нақты жобаларды жүзеге асыратынына сенім білдірді. Әлихан Смайылов локализациясы жоғары және толық циклді өндіріс ашу мәселесін қарастыруды ұсынды.

Қазақстан Үкіметі машина жасау саласына ерекше көңіл бөледі. Сондықтан біз шетелдік әріптестермен ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға қазақстандық машина жасау кәсіпорындарын тартуға болады деп санаймыз, - деді Үкімет басшысы.

Премьер-министр Skoda Transportation компаниясымен өзара тиімді ықпалдастықты пысықтау үшін барлық мүдделі мемлекеттік орган мен ұйымның қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылғанын атап өтті.

Дидье Пфлегер компания жаңа нарықтарды бағындыруға дайын екенін, сондықтан өз өндірістерін орналастыру және дамыту үшін Қазақстанды перспективті серіктес ретінде қарастырып отырғанын айтты.

Кездесу қорытындысы бойынша қос тарап өзара тиімді жобаларды әзірлеу бойынша белсенді жұмысты жалғастыруға келісті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама