Halyq Uni логотип
×

«7-20-25» орнына ұсынылған бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесі өзгереді

Аталған бағдарлама 2018 жылы іске қосылған болатын

 Дәурен Ерболат 15.11.2022 | 17:00
«7-20-25» орнына ұсынылған бағдарламаның пайыздық мөлшерлемесі өзгереді
Фото: 24.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «7-20-25» бағдарламасының орнына ұсынылған ипотеканың пайыздық мөлшерлемесін қайта өзгерту туралы шешім қабылдады, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаевтың агенттіктің сауалына жолдаған жауабында айтылған.

«Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені ұлғайтуы ипотекалық кредиттеуге кері әсерін тигізетінін ескеріп және «Ашық НҚА» порталындағы талқылаулардан соң, министрлік бүгінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақы мөлшерлемесінің жылдық 8%-на дейін субсидиялауды ұсынады. Бұл ретте субсидиялаудың сыйақы мөлшерлемесі 20%-дан аспайтын және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінен 5%-дан аспайтын ЕДБ-нің (екінші деңгейлі банк) ипотекалық бағдарламаларына қолданады», - деп жазылған министр орынбасарының жауабында.

Яғни аталған ипотека осы нұсқа бойынша қолданысқа енсе, несие алушы төлейтін пайыздық мөлшерлеменің көлемі екінші деңгейлі банктен қандай ипотекалық өнім рәсімделгеніне байланысты болмақ. Мысалы, банк ұсынған ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі 17% болса, оның 8%-ын 10 жыл көлемінде мемлекет өтеп отырады. Ал несие алушы ипотекасын 10 жыл бойында 9%-бен өтейді.

Министрлік аталған субсидиядау бағдарламасына сыйақы мөлшерлемесі 20%-дан аспайтын және Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінен 5%-дан аспайтын ипотекалар арқылы ғана қатысуға болатынын ескертеді.

Сондай-ақ министрлік аталған бағдарлама бойынша пайыз субсидиясы 10 жылға ғана төленетінін хабарлайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама