Астананың өзі бюджет қаржысын дұрыс игере алмай отыр
Өңірлер 134 млрд теңгені игере алмаған
Үкімет отырысында премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюжеттен бөлінген қаржыны игере алмай отырған министрлер мен өңірлерді атады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл 10 айда мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,7%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 98%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 94%-ға атқарылған. Республикалық бюджеттің шығыстары – 14,5 трлн теңге.
Атқарылмау – 295 млрд теңге. Оның ішінде үнемдеу – 17 млрд теңге. Игерілмеген сома – 278 млрд теңге. Ең көп игерілмеу сомасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Ішкi iстер, Төтенше жағдайлар және Оқу-ағарту министрліктерінде қалыптасты, - деді Ерұлан Жамаубаев.
Игерілмеудің негізгі себептері: қазынашылық ақпараттық жүйелеріндегі техникалық ақаулар, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, шарттарды, қосымша келісімдерді ұзақ жасау және т.б.
Жергілікті бюджеттердің шығыстары – 8,1 трлн теңге. Атқарылмағаны – 520 млрд теңге. Биыл өңірлерге 3,3 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қарашада 2,6 трлн теңге бөлінген. Оның 94,1%-ы игерілген. Атқарылмағаны – 150 млрд теңге. Оның ішінде 16 млрд теңге – үнемдеу, 134 млрд теңге игерілмеген. Ең көп игерілмеу Астана қаласы, Маңғыстау облысы, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында, - деді Қаржы министрі.
Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну.