10 айда Қазақстан экономикасы 3%-ға өскен
Өңдеу өнеркәсібінде оң өсім сақталып отыр
Биыл қаңтар-қазанда Қазақстан экономикасының өсімі шамамен 3% болды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«2022 жылғы қаңтар-қазанда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны – 2,5%. Оның ішінде нақты сектордағы өсім – 2,8%, ал қызмет көрсету – 1,6%. Оң өсу қарқыны ауыл шаруашылығы, ақпарат және байланыс, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, сауда, көлік және қоймалау салаларында тіркелді», - деді Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, негізгі капиталға салынған инвестиция 6,7% өскен.
Экономиканың негізгі салалары бойынша инвестициялар көлемі өнеркәсіпте 4,1%-ға, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 13,7%-ға, сондай-ақ ауыл шаруашылығында – 7,4%-ға, жылжымайтын мүлікпен операцияларда – 14,7%-ға, көлік және қоймалауда – 8,5%-ға ұлғайды, - деді министр.
Әлібек Қуантыров өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында, сондай-ақ Алматы және Шымкент қалаларында байқалғанын жеткізді.
Биыл қаңтар-қыркүйекте сыртқы сауда тауар айналымы 35%-ға өсіп, 98,4 млрд доллар болды. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 47,5%-ға артып, 63,8 млрд долларға жетті. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 37,5%-ға ұлғайып, 19,3 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 34,6 млрд долларға тең. Жалпы оң сауда балансы – 29,3 млрд доллар, - деді министр.
Сондай-ақ ол өңдеу өнеркәсібінде оң өсім сақталып отырғанын атап өтті.
«2022 жылғы қаңтар-қазандағы өндіріс көлемі 4,3%-ға өсті. Көрсеткіш өсімі 16 өңірде тіркелді. Оның ішінде Жамбыл, Қостанай, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы ең жоғарғы өсімді көрсетті», - деді Қуантыров.