×

Ресейлік банктердің SWIFT жүйесінен бұғатталуы елімізге әсер ете ме – Ұлттық банк жауабы

Қазір көрші елге көптеген санкция салынып жатқаны белгілі

 Айнұр Шошаева 01.03.2022 | 10:25
коллаж: Halyq Uni

Жекелеген ресейлік банктердің SWIFT жүйесіне қол жеткізуіне тосқауыл қою Қазақстанның төлем нарығына тікелей қауіп төндірмейді. Бұл туралы бүгін үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі. 

Жекелеген ресейлік банктердің SWIFT жүйесіне тосқауыл қою бойынша, бұл Қазақстан ішіндегі төлемдерді жүргізуге әсер етпейтінін және елдің төлем нарығына тікелей қауіп төндірмейтінін атап өтеміз, - деді Пірматов. 

Оның айтуынша қазақстандық банктердің ел ішінде клиенттік және меншікті төлемдер мен ақша аударымдарын жүргізу бойынша барлық операция штаттық режимде жүзеге асады. 

«SWIFT жүйесінен ажыратылған ресейлік банктердің клиенттерімен трансшекаралық операцияларды қамтамасыз ету үшін өзара есеп айырысудың баламалы тетіктері әзірленді», - деп қосты спикер.

Бұған дейін Еуропалық одақ, АҚШ, Канада және Ұлыбритания Ресейдің Украина аумағындағы әскери әрекеттеріне жауап ретінде ресейлік банктерді SWIFT халықаралық банк жүйесінен ажырату туралы келісімге келген болатын. SWIFT – банкаралық төлемдер жасаудың халықаралық жүйесі. Ол дүниежүзілік банкаралық қаржылық телекоммуникация қоғамының (Society for Worldwide Interbank Financial Telecommunication) құрметіне аталған. Жүйе 1973 жылы құрылған, оның кеңсесі Бельгияда орналасқан. Батыс елдерінің Ресейді SWIFT жүйесінен ажырату жайлы бастамасы ең қатаң шаралардың бірі саналады.

Атап өтсек, қазір Ресей мен Украина арасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Жуырда Путин Донбасстағы арнайы әскери операция туралы мәлімдеді. Бұл экономикалық ахуалға әсер еткендіктен Қазақстан үкіметі және Ұлттық банк азаматтардың теңгедегі депозиттеріне 10% өтемақы төлеу жөнінде шешім қабылдады. Одан кейін Смайылов Тоқаевқа Украинадағы оқиғаның кері әсерін төмендету шаралары жайлы баяндады. «Сбербанк Қазақстан» мәлімдеме жасады. Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, дағдарысқа қарсы жоспар әзірледі. Елімізде депозиттер бойынша мөлшерлеме артты. Валюта бағамы әрі банктерге қатер күшейе түсті, деді Президент. Елімізде тауарды негізсіз қымбаттатқандар жазаланады. Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізді. Ұлттық банк рубль бағамының теңгеге әсері туралы мәлімдеме жасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама