Ауылдағы бизнесті дамытуға 52,4 млрд теңге бөлінеді

Дәурен Ерболат

Жоба аясында 11 мың шағын несие беру жоспарда бар

фото: aigak.kz

2023 жылы ауылда бизнесті дамытуға, ондағы халықтың табысын арттыруға 52,4 млрд теңге бөлінеді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, бүгінде қоғамда және экономиканың тұрақты дамуында әйелдердің рөлін ешкім жоққа шығара алмайды.

Ел экономикасының басым салаларының бірі – аграрлық сектор. Агроөнеркәсіптік кешен Қазақстан халқының жартысына жуығының негізгі табыс көзі болып саналады. Бүгінде ауыл халқының саны – 7,8 млн адам. Оның 50%-ы – әйел. 1,8 млн әйел еңбек етіп жүр. Фермада, шаруа қожалықтарында жұмыс істейтін 282 мыңға жуық адам бар. Оның 204 мыңы – әйел (36,8%). Жыл сайын бұл көрсеткіш өсіп жатыр, - деді министрдің орынбасары елордада өтіп жатқан Қазақстан ауыл әйелдерінің V форумында.

Сондай-ақ ол өндірістегі жетекші әйелдердің саны артып жатқанын да атап өтті.

Еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінде, тоқыма өнеркәсібінде, қайта өңдеу және азық-түлік өндірісі салаларында әйелдер басқаратын кәсіпорындар жұмыс істеп жатыр. Олар жергілікті халықты жұмыспен қамтып қана қоймай, ел экономикасының дамуына үлкен үлес қосып отыр. Бұл Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігіне ешқандай шектеу жоқ екенін көрсетеді, - деді Бағлан Бекбауов.

Сонымен қатар, «Нәтижелі жұмысмен қамту» бағдарламасы бойынша агроөнеркәсіптік кешендегі бизнес жобаларды іске асыруға ауыл тұрғындарына несиелер мен шағын несиелер беріліп жатқанын атап өтті.

«Оның ішінде өткен жылы берілген барлық несиенің 36%-ын әйелдер алған екен. Биыл ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларға шағын несие беру бағдарламасын жалғастыру үшін 40 млрд теңге қарастырылып отыр. Бұл ауыл тұрғындарына, ондағы әйелдерге жеке бизнес ашуға, тұрақты қосымша табысын арттыруға мүмкіндік береді деп ойлаймыз.

Іске асырылған жобаға тоқталайын. Мысалы, 2020 жылы Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру бойынша пилоттық жоба іске асырылды. Ол жобаға 7,2 млрд теңге бөлінді. Бүгінде оның оң тәжірибесін ескеріліп, президенттің тапсырмасына байланысты барлық өңірде біртіндеп іске асырылмақ. 2023 жылы осы жобаның төңірегінде 52,4 млрд теңгеге 11 мыңнан аса шағын несие беріледі деп жоспарланып отыр, - деді Бағлан Бекбауов.

Сондай-ақ вице-министр ауылда бизнесті дамытуға жағдай жасау үшін саланы мемлекеттік қолдау жүйесін түзету бойынша ұсыныстар әзірленіп жатқанын атап өтті.