Ең көп өтінім Алматы, Астана және Шымкент қаласынан түскен
«7-20-25» ипотека бағдарламасы бойынша әлі 16 мыңнан аса қарыз беріледі, деп хабарлады LS.
Ұлттық банк ипотека бағдарламасы бойынша әлі қанша қарыз берілуі мүмкін екенін болжады. Мысалы, 2022 жылы берілген несиенің орташа мөлшері мен «7-20-25» бағдарламасына бөлінген қалған қаржыны есептегенде шамамен тағы 16,7 мың қарыз берілуі мүмкін.
«Несие беру қарқыны мен несие саны төлем жасауға қабілетті азаматтар тарапынан тұрғын үйге деген сұраныс және бағдарлама бойынша берілетін жаңа тұрғын үйлердің санына байланысты болады. Қазіргі қарқынды ескерсек, осы мақсатқа бөлінген қаржыны 2023 жылы да игеріледі деп болжанды», - деп нақтылады Ұлттық банк.
Ұлттық банк ақпаратына сәйкес, бұл бағдарлама бойынша үй алуға ең көп өтінім Алматы, Астана, Шымкент қалалары және Ақтөбе, Қарағанды облыстарынан түседі.
2022 жылдың 3 қарашасындағы ақпарат бойынша, банктер 760 миллиард теңге сомасына ипотекалық қарыз берген. Ал жалпы бұл бағдарламаға 1 триллион теңге бөлінген.
«Бағдарламаның нақты аяқталу мерзімі белгіленбеген. Бағдарлама шарты бойынша халыққа несие беру бойынша бөлінген қаражат толық игерілгенге дейін жалғасады», - делінген бас банк таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бұған дейін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев «7-20-25» орнына балама ипотекалық бағдарлама қарастырылып жатқанын айтты.