×

«Теңгенің әлсіреуі инфляция деңгейінен аспады». Сарапшылар халықты алданып қалмауға үндеді

Сарапшылар теңге құны айтарлықтай әлсіремейтінін айтады

 Ербол Тұрымбет 28.02.2022 | 17:55
коллаж: Halyq Uni

Қазақстанда доллар-теңге курсы бойынша Ұлттық банк белгілеп отырған баға - 467 теңге. Бірақ бүгін түс қайта ашылған Қазақстан қор биржасындағы саудада АҚШ валютасы 495 теңгеге бір-ақ көтерілді. Мамандар мұны алыпсатарлардың әрекеті деп бағалайды. Сондай-ақ Ресей валютасының әлсіреуі теңгеге айтарлықтай әсер етпейді деп есептейді. Halyq Uni тілшісі сарапшылардың теңгенің әлсіреуіне қатысты пікірін толығырақ біліп көрді.

Белгілі экономист Сапарбай Жобаевтың сөзінше, Ресей мен Украина арасындағы соғыс әсерінен салынған санкциялар нәтижесінде рубль 5-6 күн бұрынғы 1 доллар – 77 рубль деңгейіндегі межеден 85-ке дейін құлдырады.

«Қазақстанның Ресеймен экономикалық байланысы тығыз болғаны үшін, теңге құнын белгілеуде рубльді негізгі аламыз. Ол түсінікті. Себебі, 2015 жылы бір рет аузымыз күйген. Төл валютамызды 1 рубльге 3 теңгеге дейін күшейтіп, 26 млрд доллар жоғалтттық. Сол қайталанбас үшін Қазақстан да валютасын сәйкестендіріп, саясатын нақтылаған. Бірақ, соншалықты әлсіреді деген баға бермес едім», - дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, жұма күнгі теңге барағамы 1 доллар 470 теңгеден кеше 460-қа дейін түскен. Бұл Ресейдің экспорттық әлеуетінің әлі түзу екенін, айырбастауға әсер ететін төлем балансының соншалықты төмендемегенін көрсетеді. Яғни, 6-7 пайыз әлсіреу инфляция деңгейіндегі жағдай.

«Ұлттық банк депозиттерді 10 пайызға көтеріп, орнына келтіруге әрекет жасады. Мемлекетіміз әр жылы жалақыны көтеріп, индексация жасап, оны да өз бетінше шешіп жатыр. Сондықтан Қазақстан халқы үшін айтарлықтай қиындық болады деп айтуға келмейді. Дүниежүзілік қауымдастық (БҰҰ-ның Азық-түлік және ауылшаруашылық ұйымы) тамақты 30% қымбаттайтынын айтты. Ал Қазақстанда былтырғыдай 12-15% қымбаттайды. Оның қымбаттағаны отандық тамақ өндірушілерінің мүддесіне сай келеді», - дейді Сапарбай Жобаев.

Экономист Мақсат Халықтың айтуынша, теңге құнсызданса жылдағы әдет бойынша қымбатшылық жайлап, инфляция қарқын ала бастайды.

«Оның себебі, еліміздің импорттық тәуелділігіне байланысты. Ол азаматтарымыздың төлем қабілетіне бірден кері әсерін тигізіп, көп дүние қымбаттайды. Отандық өнімдеріміздің өзінде де көп зат шетелден алынады. Қиын болады деп біржақты айтуға негіз де жоқ. Өйткені, теңгеміз құнсызданып жатса, мұнай бағасы қазір жоғары, ол экспорттық әлеуетімізді жақсартады. Салықтың бәрін бюджетке теңгемен құямыз. Бюджет толып, алтын валюта қорымыз да ұлғаяды. Осындай жақсы жақтары да бар. Дегенмен Үкіметтің негізгі міндеті - халықтың табысын арттыру», дейді сарапшы.

Мақсат Халықтың айтуынша, бүгінде Ұлттық банк теңгені қолдау үшін 4 қадам жасаған. Біріншісі -теңгені ұстап тұру үшін теңгелік депозиттерге интервенция. Екінші, базалық мөлшерлемені көтерді. Ол теңгелік депозиттердің түсімін арттырады. Үшінші, сол депозиттерді жыл соңына дейін шешіп алмаған жағдайда банктің жыл соңында беретін 15% сыйақы мөлшерлемесінен бөлек, тағы 10% мемлекеттік кепілдік.

«Төртіншісі, бүгін көріп отырған KASE арқылы жасалып отқан «франкфурттық аукцион» әдісі. Одан доллар бірден секіріп кетпейді. Тіпті, өскен күннің өзінде әрбір соңғы жасалған келісімшартқа байланысты өсіп отырады. Яғни, бірден емес, соңғы жаслаған келісімшарт қаралып, содан қатты өсіп кетпейтін шек қойылады. Сол арқылы доллар құнының өсу жылдамдығын тежеп отыр. Сол қадамдар жасалмағанда бұл уақытта KASE-ден басқа сандар көрер едік», - дейді сарапшы.

Сарапшылар дәл қазір дүрбелеңге ілесіп, алыпсатарлардың әрекетіне алданып қалмай, 2-3 күн жағдайдың тұрақталғанын күтуге шақырды.

Бүгін Мәжілісте Ұлттық экономика вице-министрі Тимур Жақсылықов та ұлттық валютаның алдағы жағдайына қатысты басу айтты.

«Жеке ойым, қазір асығыстық жасамау керек. Жағдайды бақылап қана отырған дұрыс. Қазіргі курстың неден құбылмалы болып отырғанын бәріңіз біліп отырсыздар. Теңге құлдырауы да, қайта күшеюі де мүмкін. Бастысы, асығамын деп қателікке ұрынбай, күту керек. Менің ойымша, доллар курсы жақын арада бірқалыпты жағдайға қайта оралуға тиіс», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама