×

Каспий құбыр консорциумындағы апат Қазақстан мұнай экспортына әсер етпеген

Үкімет басшысы алдағы екі-үш күнде теңіздегі №1 қондырғыны жөндеу жұмыстары аяқталатынын айтты

 Дәурен Ерболат 10.11.2022 | 13:52
фото: azh.kz

Премьер-министр КҚК-да болған апатқа қарамастан мұнайдан Ұлттық қор мен республикалық бюджетке түсетін қаржы азаймайтынын айтты. 

«Биыл қазанда КҚК-да айлақ құрылғысын (ВПУ) жөндеуді аяқтаймыз деген жоспар болған. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл жұмыстар тоқтатылды. Менің ойымша, алдағы 2-3 күнде бірінші айлақ құрылғысын жөндеу аяқталады. Кейін бірден екінші айлақ құрылғысын жөндеуді бастаймыз. Алдағы 2-3 аптада бұл жұмысты аяқтаймыз», – деді премьер-министр Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Оның айтуынша, Қашағандағы апатқа және Орынбор газ өңдеу зауытында жөндеу жұмысына байланысты аталған кен орны көмірсутектер мен газ өндіруді біртіндеп азайтқан.

Каспий құбыр консорцимундағы бұл жөндеу жұмыстары экспорттың мүмкіндігіне әсерін тигізген жоқ, яғни біз қанша өндірсек, сонша экспорттадық. Осыған байланысты бюджетке түсетін түсімдер төмендейді деп күтпейміз. Мысалы, Ұлттық қорға бір жылда мұнай секторынан 3,9 трлн теңге түседі деп жоспарланған. Биыл 10 айдың қорытындысы бойынша жоспардың 1 трлн теңгеге асыра орындалғанын көрдік, – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол биыл мұнайдан Ұлттық қор мен республикалық бюджетке түсетін қаржы азаймайтынын атап өтті.

«Республикалық бюджеттің түсіміне тоқталайын. Жоспарға сәйкес оған бір жылда 1,8 трлн теңге түседі деп жоспарланған. 10 айда 1,4 трлн теңге түсті, алдағы 2 айда қалған сома түседі. Сондықтан бүгінде әлемдік мұнай нарығында қалыптасып жатқан жағдай мен мен конъюнктураның арқасында бізде мұнай-газ секторынан Ұлттық қор мен республикалық бюджетке түсетін барлық түсім толық көлемде болады», – деп түйіндеді сөзін премьер-министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама