Жұмыс іздеушілердің біліктілігі төмен, ал жұмыс берушілердің ұсынған жалақысы аз
Халықтың жартысынан көбі Алматы мен Астанадан жұмыс іздеп жүр
HeadHunter Kazakhstan, онлайн жұмыс іздеу және жалдау платформасының деректері мен HR мамандарының пікірлеріне сүйене отырып жасалған зерттеуге сай, Қазақстанның еңбек нарығында ең негізгі үш мәселе бар, деп хабарлайды Halyq Uni.
ЖҰМЫС ІЗДЕУШІЛЕРДІҢ БІЛІКТІЛІГІ ТӨМЕН
«Қазіргі уақытта еңбек нарығында білікті мамандардың өткір тапшылығы байқалуда. Ең алдымен орта немесе орта арнаулы білімі бар білікті жұмысшылар мен жоғары техникалық білімі бар білікті мамандардың нақты біліктіліктері жоқ», – деп хабарлайды HeadHunter Kazakhstan.
Компания мәліметінше, бос вакансияға өтінім берушілердің басым көпшілігі сол орынға қажетті біліктіліктерге ие емес. Бұл тек қатардағы жұмыскерлерге ғана емес, сонымен қатар басшылық лауазымдағы мамандарға да қатысты.
«Басшылық лауазымдарға үміткерлер – ұйым басшысы, атап айтқанда, бас директор, басқарушы директор, филиал директоры, компания президенті немесе оның орынбасарлары лауазымына өтінім берушілерге тән біліктілігі бар үміткерлер аз», – деп жазады компания..
ЖАЛАҚЫ АЗ
HeadHunter Kazakhstan деректеріне сүйенсек, бос вакансиялар ұсынған жалақыны жұмыс іздеушілер азсынады. Әдетте, олар жұмыс беруші ұсынған жалақыдан бір жарым есе көп сұрайды екен.
Осы орайда, платформа сарапшылары жұмыс іздеушілерге ең алдымен өз біліктіліктерін әділ бағалауды ұсынса, жұмыс берушілерге тезірек маман табу үшін жалақыны нарықта бәсекеге қабілетті етіп қоюды ұсынады.
БИЗНЕС ТЕ, ЖҰМЫССЫЗДАР ДА МЕГАПОЛИСТЕРГЕ КЕЛІП ЖАТЫР
Платформада ұсынылған бос вакансиялардың 60 пайызы Алматы мен Астана қалаларында.
Қазіргі уақытта барлық бос жұмыс орындарының 60 пайыздан астамы Алматы мен Астанада шоғырланған. Бұл урбанизацияның жоғары деңгейімен және осы қалаларда ірі және орта бизнестің бас кеңселерінің шоғырлануымен байланысты, – дейді сарапшылар.
Тиісінше, hh.kz сайтына жүгінген жұмыс іздеушілердің де 40 пайыздан астамы Алматыдан, 20 пайыздайы Астанадан жұмыс іздейді.
Осы орайда, сала сарапшыларының пікірінше, өңірлерді дамыту бойынша шаралар кешені қабылданбаса, аймақтық диспропорция проблемасы одан әрі шиеленісуі мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, таяуда Қазақстан бойынша қай сала маманы қанша жалақы алатынын жазған едік.