Онда катодты мыс өндіріледі
Қарағанды облысы Борлы кен орнында гидрометаллургиялық зауыттың ресми ашылу салтанаты өтті деп хабарлады Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі.
Жоба Қазақстан мен Иран арасы тау-кен өнеркәсібі саласындағы ынтымақтастық аясында іске асырылды.
Жаңа кәсіпорында катодты мыс өндіріледі. Оның қуаты – 5 мың тонна әрі 140 жұмыс орны құрылады деп жоспарланған.
Катодты мыс SX-EW технологиясы бойынша мысты металл қалыптамасына тұндыру арқылы өндіріледі. Мыс катодтары M00k маркасына сәйкес келетін жоғары тазалық пен сапаға ие. SX-EW катодты мыс өндіру технологиясы – гидрометаллургиялық процеске негізделген инновациялық әдіс. Бұл заманауи технология Қазақстанда соңғы он жылда қолданыла бастады. Ол зауыттар салуға үлкен шығынды қажет етпейді, - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, жыл сайын Қазақстан мыс концентратының шамамен 30%-ын (966 мың тонна) шетелге экспорттайды.
Жаңа кәсіпорындардың ашылуы мыс концентратын барынша қайта өңдеуге мүмкіндік беріп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға мүмкіндік береді.