×

Соңғы сегіз жылда 988 нысан сатылды: қанша нысан шетелдіктерге кетті?

Сатылған нысандардың жалпы құны 758,4 млрд теңге

 Бауыржан Мұқанов 07.11.2022 | 12:12
Коллаж: Halyq Uni

2014 жылдан бері мемлекет меншігіндегі 988 нысан жеке меншікке сатылды, деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Halyq Uni басылымының ресми сауалына. 

Комитеттің мәліметінше, Үкіметтің 2014 жылғы 31 наурыздағы № 280 қаулысымен бекітілген Жекешелендірудің 2014-2016 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде 2014-2015 жылдар аралығында жалпы құны 70,3 млрд теңге болатын 237 нысан сатылды және кейінен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді. 

Соның ішінде жалпы құны 10,9 млрд теңге болатын 17 нысан шетелдік инвесторлардың меншігіне өткен.

Жекешелендірудің 2016-2020 жылдарға арналған кешенді жоспары шеңберінде тағы 506 нысан сатылған және кейінен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген. Олардың жалпы сомасы 631 млрд теңге

2016-2020 жылдары шетелдіктер жалпы құны 87 млрд теңге болатын 26 нысанды сатып алды, – деп жауап берді комитет. 

Үкіметтің 2020 жылғы 29 желтоқсандағы № 908 қаулысымен Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының шеңберінде 2022 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша жалпы құны 57,1 млрд теңге болатын 245 нысан сатылған және кейінен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілген.

2021 жылдан бері сатылған нысандардың ішінде 120 млн теңгенің 1 нысанын шетелдік инвестор алған. 

Қорыта айтар болсақ, 2014 жылдан бері жекешелендірудің екі толқыны өтіп, қазір үшіншісі жүреп жатыр. Нәтижесінде, жалпы құны 758,4 млрд теңге болатын 988 нысан сатылған. Соның ішінде жалпы құны 98 млрд теңгені құрайтын 44 нысанды шетелдіктер сатып алған. 

Айта кетейік, сатылған және сатылуға жоспарланатын нысандар туралы толығырақ ақпарат мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында орналастырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама