×

Тұтыну тауарлары мен қызметтерінің құны ай сайын шарықтап барады

Бір қызығы, биыл елді шулатқан қант 2,3% арзандаған

 Динара Амантай 02.11.2022 | 10:25
Фото: inbusiness.kz

Қазан айында айлық инфляция мөлшері 1,6%-ды құрады. Қыркүйек айымен салыстырғанда қазан айында азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен ақылы қызметтер әрқайсысы 1,7%-ға, азық-түлік тауарлары 1,4%-ға қымбаттады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінде жуу және тазалау құралдарының бағасы ең көп көтерілген – 5%-ға, киім мен аяқ киім, жеке тауарлар, тұрмыстық тауарлар – 2,1%-ға, ыдыс-аяқ – 1,9%-ға, тоқыма бұйымдары 1,7%-ға қымбаттаған. Ал тас көмір бағасы – 2,1%-ға, отын 1,7%-ға өскен.

Ақылы қызметтердің баға деңгейі өткен айда 1,7%-ға көтерілді. Оның ішінде қонақ үй қызметтері – 6%-ға, кешенді демалыс ұйым қызметтері – 4%-ға, демалыс және спорт саласындағы іс-шаралар қызметі – 3,3%-ға, монша қызметі – 3%-ға, балаларды дамыту орталықтарының қызметтері – 2,9%-ға, қоғамдық тамақтандыру қызметі 2,2%-ға қымбаттады.

Азық-түлік тауарларының бағасы қазанда 1,4%-ға өсті. Оның ішінде қызанақ – 21%, қияр – 14,7%, жұмыртқа – 6,3%, балық және теңіз өнімдері – 2,3%, тоқаш және ұн өнімдері – 2,2%, салқындатылған сусындар – 1,9%, ірімшік және сүзбе 1,8%-ға қымбаттады. Керісінше, сәбіз бағасы – 5,6%, қызылша – 5,5%, пияз – 5,1%, картоп – 3,5%, қырыққабат – 2,6%, қант 2,3% арзандады.

Инфляция деңгейін сипаттайтын тұтыну бағалары индексінің көрсеткіші ай сайын есептеледі. Бюро мамандары барлығы 508 позиция бойынша қызметтер мен тауарлардың тарифтері мен бағаларының өзгеруін бақылайды. Интерактивті дэшбордта пайдаланушылар тауарлардың топтастырылуын, қанша нүкте бойынша мониторинг жүргізілетінін және 2018 жылдан бастап инфляция көрсеткішінің ай сайын қалай өзгеріп отырғанын көре алады. Қазақстандықтар өз өңірінде бағаның арзандағанына не қымбаттағанына қарап, сұраныстағы тауарлардың баға өзгерісін бақылай алады, – дейді баға статистикасы департаментінің директоры Қуанышбек Жақыпбекұлы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама