×

Қаржы орталығы мен академиялық қалашық. «G4 City» қаласы қандай болады?

Жаңа қаланың 105 үйі салынып жатыр

 Бауыржан Мұқанов 01.11.2022 | 14:56
Сурет: g4city.kz сайтынан

Алматы облысының сәулет және қала құрылысы басқармасы «G4 City» қаласын дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын таныстырды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Тұжырымдамаға сай, Алматы мен Қонаев қалаларының ортасындағы «G4 City» қаласы Gate District, Golden District, Growing District, Green District аудандарынан тұрады. Бұл туралы Алматы облысы әкімдігі редакциямызға берген ресми жауабында мәлімдеді. 

Gate District ауданы коммерциялық және тұрғын үй орталығы ретінде қызмет ететін жаһандық қаржылық-іскерлік кластер болмақ. Ауданда ағылшынның жалпы құқық режимі қолданылып, «Астана» халықаралық қаржы орталығы да орналаспақ. Ауданда сонымен қатар қаржы нарығына тиесілі компаниялар мен институттар өз кеңселерін ашады деп күтілуде. Аудан қаржылық-іскерлік орталық ретінде қызмет етпек. 

Golden District ауданында білім беру және медицина ұйымдары болады. Ауданда академиялық қалашық, инновациялық орталық және жергілікті тұрғындарға да, басқа елдерден келген туристерге де қызмет көрсететін көпсалалы ауруханалар салынады. 

Growing District ауданы аймақтағы өнеркәсіптің өсуін ынталандыруға мүмкіндік беретін арнайы логистикалық аймақ ретінде қарастырылып отыр.

Green District ауданына мәдениет және демалыс орталығы, курорттық кешен, құмар ойындар индустриясы, тақырыптық саябақтар салынбақшы.

Енді «G4 City» қаласын дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын Алматы облысы әкімдігі қарайды. 

Қазір «G4 City» аумағында жалпы ауданы 105 мың шаршы метр 24 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, оның ішінде жалпы ауданы 43,6 мың шаршы метр (573 пәтер) 10 үйді биыл IV тоқсанында пайдалануға бермек. 6 үйдің қаңқалары салынып, монолитті жұмыстар жүргізілуде, 8 үйдің қазаншұңқырлары дайындалып жатыр, деп толықтырды әкімдіктің баспасөз қызметі.

Қаланың g4city.kz ресми сайтының мәліметінше, онда жалпы саны 304 мың тұрғын болмақ. Жалпы аумағы 8007 гектар болатын қаладағы тұрғын үй қоры мен коммерциялық нысандар ауданы 9 412 000 шаршы метрді құрамақ. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама