×

«Баға тұрақталады, бірақ несие қымбаттайды». Экономист базалық мөлшерлеменің көтерілуін түсіндірді

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады

 Ербол Тұрымбет 26.10.2022 | 14:44
фото © Әсет Құндақбаев

Экономист Сапарбай Жобаевтың ойынша, базалық мөлшерлеменің 14,5%-дан 16%-ға көтеруі Қазақстандағы инфляция дәрежесінің өте жоғары болуына байланысты. Бүгінде ресми инфляция 17,5%-18%-ға жетті. Ал бұл өзгеріс нені білдіреді?

«Біріншіден, Ұлттық банк екінші дәрежелі банктерге беретін қысқамерзімді несиесінің пайызы осынша болады. Екіншіден, экономика үшін қалай әсер етеді? Қазір біздің экономикадағы ақшаны кәсіпорындар депозитке салуға ынталы ма, ынталы емес пе екенін осы пайыздық мөлшерлеме анықтайды», – дейді сарапшы.

Сарапшының айтуынша, кей кәсіпорын, қор немесе банктердің өздері құрылысқа, басқа бір инвестициялық жобаға салмақ болған қаржысын банк депозитіне салады. Сонда экономикадағы ақша массасы азаяды. Ал экономикадағы ақша массасы азайса, сұраныс та азайып, баға тұрақталады.

Естеріңізде болса, көктем кезінде Ресейдегі инфляция қаупі өте жоғары болған еді. Ресей Орталық банкінің төрағасы осы қайта қаржыландыру мөлшерлемесін бірден 20%-ға көтеріп жіберді. Кейін Ресейдің инфляциясы бірден төмендеп, қазір оларда 8% мөлшерінде. Ал біз осы мәселені ежіктеп ұзаққа созып жүрдік те, өкініштісі, қазір 16%-ға көтеруге мәжбүр болып тұрмыз, - дейді экономист.

Сарапшының және бір ойы, экономикадағы ақша айналымының азаюы қаражатты депозитке салып қоюынан болса, екінші жолы несие алатын адам да тартынады. Себебі, бұрын негізгі мөлшерлеме 14,5% кезінде несиені 19,5%-бен алса, қазір негізгі мөлшерлеме 16%-ға көтеріліп, оған банктің 5% маржасы қосылып, 21%-ға жетіп тұр.

«Оны қайтара ала ма, жоқ па – мәселе сонда. Сондықтан негізгі мөлшерлемені жоғарылату себебінен кәсіпорындар да банктерден несиені азырақ алады. Халық та тұтыну несиелерін азырақ алады. Сөйтіп сұраныс азайып, баға тұрақталмақ», - дейді сарапшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама