Қазақстан газды тек рубльмен төлеуден бас тартты

Дәурен Ерболат

Валютаны таңдау коммерциялық талап негізінде екіжақты шарт бойынша жүргізіледі

Фото: ritmeurasia.org

Энергетика министрі Болат Ақшолақов ЕАЭО-дағы ортақ газ нарығы бойынша келіссөздердің қалай жүріп жатқанын айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қол қойылған құжат жоқ. Келіссөздер жүргізіліп жатыр. Кеше ғана келіссөз өтті. Ресей барлық есеп айырысуды рубльмен жүргізуді ұсынды. Біз шартқа қатысушылардың өз таңдауы болуы керек деп ұстанымызды айттық, - деді ведомство басшысы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Министр валютаны таңдау коммерциялық талап негізінде екіжақты шарт бойынша жүргізілетінін атап өтті.

«Газды алу үшін сатып алушы кез келген валютаны таңдай алады. Мұнда шектеу жоқ: бұл кез келген ұлттық валюта болуы мүмкін. Оның ішінде Ресейдің рублі мен Қазақстанның теңгесі бар», - деді Болат Ақшолақов.

Айта кетсек, ЕАЭО-ға мүше елдерде ортақ газ нарығын құру мәселесінің талқыланып жатқанына бірнеше жыл болды.