×

«Теңізшевройл» мұнайы Ақтау арқылы жөнелтіле бастады

Ресейліктер жаз бойы КҚК құбырын жауып тастай берген еді

 Бауыржан Мұқанов 21.10.2022 | 11:24
Коллаж: Halyq Uni

Ресей арқылы өтетін Каспий Құбыр Консорциумымен мұнай тасымалының соңғы уақыттары үзіле бергенінен кейін «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) мен Total Dunga мұнай тасымалы бағытын өзгертіп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni басылымы Reuters ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Chevron бастаған ТШО компаниясы қазан айында Финляндияға 1000 тонна мұнайды теміржол арқылы жөнелтуді жоспарлап отыр. Дегенмен бұл әлі сынақ секілді», - деп жазады басылым.

Басылымның хабарлауынша, француздық Total бастаған Total Dunga қыркүйекте Ақтау порты арқылы Баку-Тбилиси-Джейхан мұнай құбырына мұнай жөнелте бастады. Өткен айда бұл бағыт бойынша 25 мың тонна жіберілді. Компания жыл соңына дейін осы бағыт бойынша 200 мың тоннаға дейін мұнай жөнелтуді жоспарлап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін S&P «Теңізшевройлдың» рейтингін «ВВ+» болжамы «теріс» деңгейіне дейін төмендеткені хабарланған болатын. КҚК-дағы келеңсіздіктерден кейін компанияның операциялық тәуекелдері артты. Агенттік 2022 жылдың наурыз айынан бастап КҚК-да мұнай тасымалы кемінде төрт рет үзілгенін атап өтті:

  • Наурызда Қара теңізде КҚК теңіз терминалдары дауылға ұшырады;
  • Маусымда қауіпсіздікті тексеру және терең теңіз миналарын іздеу жүргізілді;
  • Шілдеде Ресей соты мұнай төгілуіне байланысты құбырдың жұмысын 30 күнге тоқтатты, артынша айыппұлға алмастырды;
  • Тамыз айында КҚК-да мұнай құбырының өткізу қабілетін шектейтін су астындағы жарықтар анықталды.

Еске салайық, ұзындығы 1,51 мың шақырым болатын КҚК мұнай құбыры Қазақстандағы Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ мұнай кен орындарын Қара теңіздегі Новороссийск портымен байланыстырады. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80 пайызы осы құбыр арқылы экспортталады.

ТШО консорциумына Chevron (50%), Exxon Mobil (25%), Қазмұнайгаз (20%) және Лукарко Лукойл (5%) тиесілі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама