Ресейден кетіп жатқан 56 шетелдік компания Қазақстанға келуге ниетті - Смайылов
Honeywell, inDriver, Fortescue, Marubeni сынды ірі халықаралық компаниялар келіп те алған
Ресейден кеткен 56 шетелдік компания өз бизнесін Қазақстанда жалғастырады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Қазір көптеген шетелдік компания Ресейден кетіп жатқанын көріп отырмыз. Біз осындай ірі компаниялардың тізімін құрдық. Олардың саны 300-ден асады. Олармен Қазақстанда жұмыс істеу мүмкіндігі туралы ақпараттандыру жұмысын жүргіздік. Бүгінде осы тізімдегі 56 компания өз кеңселерін Қазақстанға көшіруге ниет білдірді. Қазір олармен релокация орны, мерзімі мен шарттары бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, - деді Әлихан Смайылов Мәжіліс кулуарында.
Оның айтуынша, компаниялардың бір бөлігі оң шешім қабылдап, кеңселерін Қазақстанға ауыстырған. Олардың арасында Honeywell, inDriver, Fortescue, Marubeni және тағы басқа ірі халықаралық компаниялар бар.
Сондай-ақ премьер-министр Қазақстанда Toyota өндірісін ашу бойынша келіссөз жалғасып жатқанын атап өтті.