×

Ұлттық қордан алынатын трансферттер азаяды

Заң Бюджет кодексінің жаңа талаптарын ескеріп әзірленді

 Дәурен Ерболат 19.10.2022 | 10:31
Фото: Halyq Uni

Мәжілістің жалпы отырысында Ұлттық қордан 2023-2025 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы мақұлданды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, Ұлттық қордан берілетін кепілдендірілген трансферттің көлемі жаңа бюджеттік қағидаға сәйкес мұнайға кесімді бағаны ескеріп айқындалған.

Болжам бойынша, мұнай секторы ұйымдарынан Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтардың көлемінен аспайды. Заң жобасында мұнайдың кесімді бағасы баррелліне 2023 жылы 48,9 доллар, 2024-2025 жылдары 42,2-40,3 доллар деңгейінде белгіленді. Осыны ескеріп, республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферттің мөлшері 2023 жылы 2,2 трлн теңге, 2024 жылы 2,0 трлн теңге, 2025 жылы 1,9 трлн теңге көлемінде айқындалды, - деді ведомство басшысы.

Оның пікірінше, жоспарлы кезеңде қағидаларды қолдану Ұлттық қордың валюталық активтерін 2023 жылы 66,7 млрд долларға дейін қалпына келтіруге, ал 2024-2025 жылдары 78,8-93,2 млрд долларға дейін арттыруға ықпал етеді.

Біздің болжамымыз бойынша, Ұлттық қордан тартылатын кепілдендірілген трансферттің көлеміне және орта мерзімді кезеңде шығыстардың өсу қарқынына жоғарғы шекті белгілеу фискалдық тәртіпті арттыруға және Ұлттық қордың жинақтау функциясын күшейтуге мүмкіндік береді. Заң жобасын уақтылы қабылдау жоспарлы кезеңде республикалық бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етіп, Ұлттық қордың тұрақтандыру функциясын іске асырады, - деді Әлібек Қуантыров. 

Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы мақұлданды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама