Қымбатшылыққа сыртқы факторлар ғана емес, өзіміз де кінәліміз дейді
Өткен аптаның соңында Ұлттық банк инфляция болжамына қатысты сауалнама нәтижесін жариялады. Онда келер жылы 11%, арғы жылы 8% шамасында болады деп болжам көрсетілген. Ал оның алдында ҰБ төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында инфляция өсімі әлемде 2023 жылы тежеледі деген болжам айтты. Дегенмен қазіргі жағдайда елдегі инфляция 17,7%, оның ішінде азық-түлік инфляциясы 22,2%-ға жеткен. Бұл жағдай қаржы-несие саясатын күшейтуді талап етіп отырғанын мәлімдеген. Осыдан соң елдегі қымбатшылық қарқынын тоқтату үшін бас банк батыл мәлімдемелер жасап, халықтың үрейін басуға тырысып жатыр ма деген орынды сауал туындайды.
Белгілі экономист Эльдар Шамсутдинов Ұлттық банктің осындай мәлімдемелер арқылы халықтың инфляциялық қаупін сейілткісі келетінін растайды.
Оның айтуынша, бағаның өсуі сыртқы фактордан. Ал инфляцияны алсақ, ол тұтыну бағалары индексі себетімен есептеледі. Оның өз бетінше көрсеткіші бар, сол себепті оның бағасы біршама құбылмалы. Өйткені сол себетке кіретін кейбір азық-түлік түрі бюджет есебінен субсидияланады. Немесе оған шекті баға қойылады. Сондықтан ресми инфляция көбіне бюрократиялық көрсеткіш болғандықтан, оған негізгі көрсеткіш ретінде мейлінше абайлап қарау керек. Өз табысыңның қаншалықты құнсызданып бара жатқанын ол тап басып көрсетіп бере алмауы да мүмкін. Бұл ойын ол «Baige News» ютуб-арнасына берген сұхбатында айтты.
Өйткені әрқайсымыздың жеке себетіміз бар. Ол жалпы көрсеткіштегі статистикаға қайшы келуі мүмкін. Сондықтан оған қатты сеніп керегі жоқ, дейді ол.
Сондықтан Ұлттық статистика бюросы көп ұзамай жеке инфляцияны есептейтін парақша ашуы мүмкін дейді.
Ал Ұлттық банктің қазіргі жағдайға қарамастан жыл соңына қарай инфляция 20% шамасында болуы мүмкін дегенін түрлі қауесеттің алдын алу деп санайды. Себебі 25%, тіпті 50%-ға дейін барады деген сөздер жиі айтылып жүр.
«БІЗДЕ ИНФЛЯЦИЯ БӘРІБІР ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ ҚАЛАДЫ»
Қаржыгер Расул Рысмамбетовтің ойынша, Украинадағы әскери қақтығыстан, соның кесірінен логистикалық тізбектің бұзылуынан қазір инфляцияны болжау қиын. Ал Ресей ең ірі сауда серіктесіміз. Келер жылы доллар бүкіл валюталарға қарағанда нығая түседі. Соның ізімен еуро да біршама күшейеді. Еуропа да біздің ірі сауда серіктесіміз. Сондықтан теңге курсының төмендеуінен біраз инфляцияны күтуге болатынын айтады.
Екіншіден, қаржыгердің сөзінше, азық-түлік бағасының өсуі себеп болады. Мысалы, Украина ірі астық жеткізуші болып келді. Қазақстан да ірі жеткізуші. Бірақ, логистика қиындады.
Тағы бір мәселе, Ресейде өнім шығарып, бізге жеткізіп отырған трансұлттық корпорациялар ол жақтан кетіп жатқандықтан, бізге келіп орнығуы мүмкін дейміз. Бірақ біздің экономикамыз ондайға дайын емес. Тіпті, инвестор табылды деген күннің өзінде біз оған қажетті шикізат қорын тауып бере алмай қалуымыз мүмкін. Біз тек экспорттап үйренгенбіз. Өңдеп шығаруды тез игеріп кете алмаймыз. Сондықтан сарапшы азық импорты сол күйі жоғары дәрежеде қала береді деген сенімде. Тек біз оны басқа өңірлерден сатып ала бастаймыз.
Сол себепті де келер жылы инфляция нақты қай шамада боларын айту қиын. Ұлттық банк бұл жерде шарасыз. Базалық мөлшерлемені көтеруі, тағысын тағы, ол тек шағын, уақытша ғана шара. Өндірісті іске қосу, экономиканың нақты секторымен жұмыс істесе, сол инфляцияға нақты ұзақмерзімді әсер береді. Ол Үкіметтің жұмысы. Сондықтан инфляция жоғары болып қала береді, дейді ол.
«ҮКІМЕТ ӨЗІНЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТІ АЛЫП ТАСТАҒЫСЫ КЕЛЕДІ»
Экономист Мақсат Халықтың пікірінше, Үкімет бүкіл себепті сыртқы факторларға жаба салғанды ұнатады. Инфляция әлемде көтеріліп жатыр, бізде де көтерілді деген қарапайым түсінікке салғысы келеді.
Бірақ, олай емес. Оны үкіметтің жауапкершілікті өзінен алып тастағысы келген әрекеті деп бағалайды. Сыртқы фактордың әсерін ешкім жоққа шығармайды. Бірақ елдегі бүкіл инфляция соның кесірінен дей алмаймыз. Мысалы, іштегі инфляцияны алсақ, егер бидай артығымен шықса, неге нан қымбаттауы керек? Азық-түлік тауарлары жеткілікті болса, неге қымбаттауы керек? Осы сұрақтар Үкіметтің олқылығынан туындайтынын айтады.
Экономистің сөзінше, бізде бағамен күрес жүріп жатыр. Президенттің өзі айтқаны сияқты, мәселенің себебімен емес, салдарымен, яғни ең соңғы инстанциядағы дүкендермен алысып кетті. Оның үстіне, нарықта делдалдардың саны тым көп.
Бірақ, күрес олай жүрмеу керек. О бастағы инфляцияның негізгі себептері – қымбат дизель, қымбат жанармай, қымбат тұқым, техникаға қолжетімсіздік. Осылардың салдарынан өнім қымбатқа шықты. Осы мәселе шешілуі керек. Сол кезде Үкімет «біз осының бәрін жасадық, бірақ сонда да инфляция өсіп жатыр, сырттан келіп жатқан инфляция» десе, ақылға қонымды болар еді, дейді экономист.