×

Ресейдің «МИР» төлем жүйесімен ақша аудару қаншалықты заңды? Ұлттық банк жауап берді

Ресейліктердің дені Bereke Bank-тен ақшаларын шешіп алып жатыр

 Бауыржан Мұқанов 18.10.2022 | 13:48
Коллаж: Halyq Uni

Ресейдің «МИР» төлем жүйесіне салынған санкцияға қарамастан қазақстандық банктер аталған төлем жүйесіне қызмет көрсетіп жатыр. 

Әсіресе қыркүйектің 21-нен бастап Қазақстанға жаппай ағылған ресейліктердің «МИР» төлем жүйесіндегі карталары арқылы қазақстандық банктерден қолма-қол ақша алуына еш кедергі жоқ. Осы орайда, Halyq Uni қазақстандық банктердің аталған төлем жүйесіне қызмет көрсетуі қаншалықты заңды екенін анықтап көрді. 

Ресейліктер негізінен бұрынғы Сбербанк Қазақстан, қазіргі Bereke Bank-тен ақшаларын шешіп алып жатыр. Bereke Bank баспасөз қызметінің мәліметінше, «МИР» төлем жүйесі арқылы ақша алуға ешқандай шектеу жоқ. Жалғыз шарт, ақшаны алатын ресейлік банк санкцияға ілінбеген болуы керек. 

Ұлттық банк та ресейлік төлем жүйесінен ақша алуға шектеу жоқ екенін алға тартты. 

ҚР заңнамасында қазақстандық банктердің «МИР» карталарын қызмет көрсетуге қабылдауына және тұтынушылардың мұндай карталарды пайдалануына шектеулер қарастырылмаған, деді бас банк.

Ұлттық банк баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандық банктер өздерінің операциялық және қаржылық қызметін дербес жүзеге асырады, төлем жүйелерінің операторларымен іскерлік қатынастар орнатады, сондай-ақ банктік қызметтерін көрсетуге, оның ішінде «МИР» карталарын шығару мен қызмет көрсетуге қабылдауға байланысты мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды. Банктер клиенттерге қызмет көрсету кезінде санкциялық шектеулерге байланысты тәуекелдерді ескереді.

«ҚР Ұлттық банкі болып жатқан процестерді бақылап, қаржы жүйесі деңгейінде жүйелік тәуекелдердің мониторингін жүзеге асырады және қажет болған жағдайда тиісті шаралар қабылдайды», деп қосты Ұлттық банк. 

Яғни, «МИР» төлем жүйесіне енгізуге тыйым салынғанымен, сол жүйені енгізген банктермен жұмыс істеу санкцияға ұшыратпайды. 

Естеріңізге сала кетейік, «МИР» төлем жүйесіне АҚШ Қаржы министрлігі санкция салған еді. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама