Apple мен Tesla: Қазақстандықтар қай компаниялардың акцияларын сатып алады?
Биржада 22 трлн теңгенің акциясы сатылады
2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша, қор нарығын капиталдандыру 2022 жылғы тамызда 2%, яғни 0,8 трлн теңгеге өсіп, 38 трлн теңгеге жетті. Алайда, көрсеткіш жыл асынан бері 14% төмендеген, деп хабарлайды Halyq Uni Қазақстан қор нарығының деректеріне сүйене отырып.
АКЦИЯ САУДАСЫ АРТТЫ
Акциялар нарығын капиталдандыру индекстік компаниялардың акциялары бағасының ұлғаюы есебінен 3,9% өсіп, 22,7 трлн теңгеге жетті. Дегенмен, жыл юасынан бергі дағдарыстың әсерінен көрсеткіш қаңтардан бері 6,1 трлн теңгеге, яғни 21,2% азайған.
Шілдемен салыстырғанда тамыздағы акциялар саудасы 12,6% артып, 7,8 млрд теңгені құрады.
Естеріңізге сала кетейік, қазан айының алғашқы аптасында қазақстандық жеке инвесторлар KASE Global секторында жалпы сомасы 1 077,2 млн теңгеге шетелдік компаниялардың 18 515 акциясын сатып алды.
Соның ішінде 948,7 млн теңгеге Apple акциясын, 38,6 млн теңгеге NVIDIA Corp. акциясын, 12 млн теңгеге Tesla акциясын сатып алған.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстан қор биржасының (KASE) сауда тізімдерінде 105 эмитенттің 120 акциясы, ал KASE Global секторында 51 шетелдік эмитенттердің 53 бағалы қағаздары сатылады.
ОБЛИГАЦИЯ САУДАСЫ ҚҰЛДЫРАП КЕТТІ
Корпоративтік облигациялар нарығы 2022 жылғы шілдедегі шамалы өсуден кейін облигациялардың қолданыстағы шығарылымдарын өтеу нәтижесінде 2022 жылғы тамызда 0,7% азайып, 15,3 трлн теңгені құрады. Алайда көрсеткіш жыл басынан бері 0,2% өскен.
Биылғы бірінші жартыжылдық ішінде ақша-несие шарттарын қатаңдату аясында қорландыру құнының едәуір қымбаттауы, сондай-ақ қолданыстағы шығарылымдарды өтеу нәтижесінде осы нарықта теріс динамика байқалғанын айта кеткен жөн
2022 жылғы 1 қыркүйекте KASE сауда-саттық тізімдерінде 84 эмитенттің 333 корпоративтік облигациялары шықты. 2022 жылғы тамызда KASE ресми тізіміне тағы 7 эмитент облигациялары шықты.
Жалпы тамызда KASE-де корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 60,2% азайып, 94,7 млрд теңгені құрады.
Ал мемлекеттік борыш 2022 жылғы тамызда 2,6% көбейіп, 19,4 трлн теңге жетті.
2022 жылдың тамыз айының қорытындысы бойынша, KASE-де мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі бір айда 0,8% немесе 5,4 млрд теңгеге ұлғайып, 645,2 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік бағалы қағаздардың бастапқы нарығындағы сауда-саттық көлемі 15,9% төмендеп, 470,8 млрд теңге болды.
ҰЖЫМДЫҚ ИНВЕСТИЦИЯҒА АҚША САЛУШЫЛАР ЕКІ ЕСЕ КӨБЕЙДІ
Ұжымдық инвестициялау нарығында 44 инвестициялық пай қоры жұмыс істеді, оның ішінде 22 аралық, 21 жабық және 1 ашық пай қоры бар.
Ұжымдық инвестициялар нарығында басқарудағы активтер 2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 481,0 млрд теңгені құрап, негізінен бағалы қағаздар портфелінің төмендеуі есебінен, оның ішінде теңгенің АҚШ долларына қатысты 1% нығаюы нәтижесінде биыл тамыз айында 0,7 млрд теңгеге немесе 0,1% азайды.
2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 434,6 млрд теңгені немесе инвестициялық пай қорларының жиынтық активтерінің 90,4%-ын бағалы қағаздар портфелі құрады, оның 97,1%-ы шетел валютасында көрсетілген бағалы қағаздардан тұрады.
Биыл тамыз айында инвесторлар санының өсуі жалғасты. Шоттарының саны 407 117-ге жетті. Көрсеткіш жыл басынан бері 84,9% өсті. Яғни қаңтардан бері 186,9 мың жаңа шот ашылған.
2022 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың активтері 513,2 млрд теңгені құрап, тамыз айында 1,1% азайды, дегенмен жыл басынан бері 1,6% өскен.
Ал міндеттемелер 117,8 млрд теңгеге дейін 9,8% төмендеді. Меншікті капитал 395,4 млрд теңгеге дейін 1,9% өсті.