Елімізде 150 мыңнан аса адам таксист болып жұмыс істейді
Биыл қаңтар-тамызда Қазақстанда такси қызметін ұсынатын компаниялардың кірісі 3 млрд теңгеге жетті (ақшалай мәндегі өсім – плюс 6,4%) деп хабарлады Ranking.kz.
Былтыр аталған компаниялар 2,8 млрд теңге пайда тапқан.
Саладағы ең жоғары көрсеткіш Қарағанды облысында тіркелді: 1,3 млрд теңге, ақшалай мәндегі өсім – плюс 37,3%. Үздік үштікке Астана (728,7 млн теңге, 4,4% аз) және Алматы (499,6 млн теңге, 27,1% аз) енді. Ең аз кіріс Шығыс Қазақстан облысындағы такси компанияларына тиесілі: бар-жоғы 0,4 млн теңге.
Жыл басынан бері 1,4 млрд жолаушы такси қызметін пайдаланды. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 6,1% артық.
Жолаушылар айналымы былтырмен салыстырғанда 8,7% өсіп, 20,7 млрд км болды.
Биыл тамыз айының қорытындысы бойынша такси ақысы бір жылда 9% өскен. Өңірлер бойынша Жетісу облысында такси қызметі айтарлықтай қымбаттады: бір жылда – 37,7%. Кейін тізімде Алматы облысы мен Абай облысы тұр: 28,1% және 21,2%.
Баға ең аз өскен өңір Ақмола облысы: 0,5%. Ақтөбе, Қарағанды, Ұлытау және Түркістан облыстарында баға өткен жылғы деңгейде қалды.
Хабар24 телернасының мәліметінше, такси операторлары жүргізушілер үшін әлеуметтік аударымдар жасауы керек. Мұндай талапты оларға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қойған.
Министр Тамара Дүйсенованың айтуынша, Қазақстанда 150 мыңнан аса адам таксист болып жұмыс істейді.