Halyq Uni логотип
×

«Цифрлық теңгені» қашан және қалай қолданамыз? Ұлттық банк жоба барысымен таныстырды

Жоба қазаннан қарашаға дейінгі аралықта басталады

 Ербол Тұрымбет 13.10.2022 | 16:05
«Цифрлық теңгені» қашан және қалай қолданамыз? Ұлттық банк жоба барысымен таныстырды
Коллаж: Halyq Uni

Былтыр қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда қаржы секторының өкілдерімен кездескенде болашақ қаржы жүйесінің негізіне айналуы мүмкін дейтін цифрлық теңге енгізу мәселесін қарастыру керектігін айтқан еді. Президент тапсырмасынан соң Ұлттық банк былтыр қаржы нарығының қатысушыларымен, сарапшылар қауымдастығымен және халықаралық серіктестермен бірлесіп «цифрлық теңге» жобасын қолға алды. Halyq Uni тілшісі бас банктен сол жобаның қай шамаға жеткенін, цифрлық теңге қалай қолданылатыны туралы сұрап білді.

– Жуырда цифрлық теңге қазан айынан бастап сынақтан өтетіні туралы ақпарат тарады. Пилоттық жоба басталды ма? 

– Биыл қазан мен қараша айлары аралығында платформаны технологиялық тестілеу бақылаудағы шектеулі аумақта жүзге асырыла бастайды. Оған нақты тұтынушылар мен сауда-қызмет көрсету кәсіпорындарының қатысады. Сынақ жүргізудің негізгі мақсаты – цифрлық валютаны пайдалану арқылы есептесу мүмкіндіктерін тексеру.

Қазір тұтынушылар мен тауар сатушылардан және қызмет көрсетушілерден тұратын қатысушылар пулы құрылып қойды. Сондай-ақ, алғашқы пилоттық жобаға қатысу үшін техникалық инфрақұрылымы да әзір тұр. Сынақтың алғашқы кезеңінде тұтынушылар цифрлық теңге платформасына қосылған мобильді қосымшаларды пайдаланады. Ол мобильді қосымшаларды сыртқы қатысушылар, яғни екінші деңгейлі банктер мен қаржылық технология ұйымдары әзірлеген.

– Әрбір қазақстандықтың жеке цифрлық әмияны бола ма? Қандай үлгіде болады?

– Цифрлық теңгесі бар цифрлық әмиянды кез келген пайдаланушы қолданыстағы инфрақұрылым аясында түрлі құралдарды пайдаланып аша алады және басқара алады. Оның ішінде банктердің мобильді қосымшаларын, мобильді құрылғыларды, карталарды және қажетті ақпаратты сақтау мүмкіндігі бар басқа да электронды тасымалдағыштарды пайдалануға болады.

Цифрлық теңге моделі Ұлттық банк, нарық қатысушылары және түпкілікті тұтынушы тарапындағы үш агенттің қатысуымен екі деңгейлі қаржылық архитектураға негізделген. Мұнда Ұлттық банк цифрлық теңгені шығарушы болса, нарық қатысушылары мен екінші деңгейлі банктер түпкілікті тұтынушымен өзара қарым-қатынас жасайды.

Сондай-ақ, бұл ретте пайдаланушы үшін цифрлық теңгені пайдаланудағы негізгі ерекшеліктердің бірі – баптай алатын құпиялылық. Бұл қолданушыға әмиянындағы қаражатын құпия сақтауға және транзакцияларды анонимді режимде жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл жағынан қолма-қол ақшаның қасиеттеріне ұқсас келеді.

Түпкілікті іске асыру үлгісі пилоттық жобаның қорытындысы бойынша анықталады.

– Қазақстандықтар цифрлық теңгесін екінші деңгейлі банктерде ұстай ала ма?

– Ұлттық банк екі деңгейлі қаржылық архитектураны ұстанады және цифрлық теңгені пайдалану қазіргі қолданып жүрген инфрақұрылымдар, оның ішінде екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы да жүзеге асырылады. Цифрлық теңге пайдаланушының ЕДБ-де өзі ашатын әмиянда, яғни, оның тікелей құрылғысы – мобильді телефонында немесе картада сақталады.

Цифрлық теңге тұтынушы үшін, бірінші кезекте, төлем құралына айналады. Цифрлық теңге фиат ақшаға тән барлық сипатқа ие.

Тек цифрлық теңгемен салынған ақша қалдықтары бойынша пайыздық есептеу (сыйақы) жүрмейді.

– Цифрлық теңгені қазақстандықтар қалай қолданады? Яғни, қолдану тәртібі қалай?

– Түпкілікті тұтынушы үшін қазіргі төлем түрлерімен салыстырғанда, есептесу жөнінен аса үлкен айырмашылық болмайды – цифрлық теңгемен есептесу мобильді қосымшалар арқылы да, оның ішінде QR код арқылы да жүргізіле береді. Оған қоса, жаңа мүмкіндіктер пайда болады, яғни сатушы да, сатып алушы да интернетке қосылмай-ақ төлемді офлайн жасай береді.

– Цифрлық теңгені интернет жоқ жерде қалай қолданады?

– Екі қатысушыда да интернет болмаған жағдайда цифрлық теңгемен есеп айырысу, мәселен, NFC хаттамасы арқылы жүзеге асырылады.

Қазір пилоттық жобамен бірге, цифрлық теңгемен аударым жасаудың түрлі тәсілдері бойынша қосымша тәжірибелер жүріп жатыр. Офлайн-төлемдердің қорытынды механизмі зерттеу мен тестілеудің қорытындысы бойынша анықталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама