Олар 39 млрд теңгені игермеген
Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев бюджет қаражатын игере алмай отырған министрліктер мен өңірлерді атады деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл 9 айда мемлекеттік бюджетке 11 трлн 177 млрд теңге, ал республикалық бюджетке шамамен 7,5 трлн теңге кіріс түскен.
Кірістер бойынша жоспар 143 млрд теңгеге артық орындалды. Оның ішінде салықтар – 55 млрд теңгеге, салықтық емес кірістер 89 млрд теңгеге асыра орындалды. Салықтар бойынша негізгі асыра орындау сомасы қосылған құн салығына тиесілі, - деді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, мемлекеттік бюджеттің шығыстары 96,2%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары 96,3%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 97,9%-ға атқарылған.
Республикалық бюджет бойынша 12,9 трлн теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Атқарылмау – 494 млрд теңге, оның ішінде 9 млрд теңге үнемдеу болып саналады. Игерілмеген сома – 485 млрд теңге. Ең көп игерілмеу сомасы Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Ішкi iстер, Мәдениет және спорт министрліктерінде қалыптасты, - деді Ерұлан Жамаубаев.
Игерілмеудің негізгі себептері: министрліктердің қайта құрылуы, орындалған жұмыстар актілерін, шот-фактураларды уақтылы ұсынбау, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша нормативтік-құқықтық актілердің уақтылы қабылданбауы, төлем нақты көрсетілген қызмет көлемі үшін жүргізілуі болып саналады.
Премьер-министрдің орынбасары жергілікті бюджеттердің шығыстары 7,2 трлн теңге болғанын атап өтті.
«Атқарылмаған сома – 155 млрд теңге. Биыл өңірлерге 3,4 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 қазанға 2,1 трлн теңге бөлінді. Оның 100%-ы игерілген. 7,7 млрд теңге – үнемдеу, 39 млрд теңге – игерілмеген, 47 млрд теңге асыра орындалды. Ең көп игерілмеу сомасы: Маңғыстау және Батыс-Қазақстан облыстары мен Астана қаласында. Игерілмеудің негізгі себептері: жобалау-сметалық құжаттаманы түзету, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, қазынашылық органдарына төлеуге берілетін шотты кеш ұсыну», - деді министр.