БЖЗҚ доллар бағамы зейнетақы жинақтарына қалай әсер ететінін түсіндірді
Валюталық инвестициялардың басым бөлігі АҚШ долларымен орналастырылған
Зейнетақы активтерін басқарушылар - Ұлттық банк және инвестициялық портфельді басқарушылар инвестициялық кіріс алу мақсатында зейнетақы активтерін Қазақстанда және шетелде экономиканың түрлі секторларындағы сан алуан қаржы құралдарына, әртүрлі валюталарға орналастырады. БЖЗҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, мұндай әртараптандыру зейнетақы жинақтарының сақталуын және тұрақты табыстылығын қамтамасыз етеді.
Сол себепті, инвестициялық қызмет нәтижесінде шетел валюталары бағамының құбылмалылығы және қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық табыстың мөлшері әртүрлі болуы ықтимал.
«Салымшылар мен алушылар оған 2022 жылдың басынан бері көз жеткізіп келеді. Мәселен, қаңтарда сыртқы және ішкі қаржы нарықтарындағы тұрақсыздықтың, оның ішінде Қазақстандағы төтенше жағдайдың салдарынан «Қазатомөнеркәсіп» АҚ депозитарлық қолхаттары, Қаржы министрлігінің облигациялары және кейбір шет мемлекеттердің үкіметтік облигациялары сияқты қаржы құралдарының нақты (нарықтық) құны төмендеген болатын. Сонымен бірге, бұл эмитенттер тұрақты болып қалды, сәйкесінше олардың құны уақыт өте келе қалпына келіп, өсуі мүмкін», - делінген қор хабарламасында.
Зейнетақы жинақтары қаржы тетіктеріне әртүрлі валютада инвестицияланған. 2022 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша инвестициялардың 2/3 теңгемен және 1/3 шетел валютасымен, валюталық инвестициялардың басым бөлігі АҚШ долларымен орналастырылды. Тиісінше, доллар бағамы зейнетақы активтері құрамындағы инвестициялық кіріске де әсер етеді: ұлттық валюта нығайған кезде инвестициялық кіріс төмендеп, доллар бағамы өскен кезде жоғарылауы мүмкін.
2022 жылдың қаңтар айында АҚШ долларына қатысты теңге бағамы 431 теңгеден 433 теңгеге дейін әлсіреді. Осылайша, қаңтарда зейнетақы активтерін оң валюталық қайта бағалау қалыптасты. Содан кейін ақпан айының басынан бері ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 430 теңгеге дейін нығайды және тиісінше ақпан айында зейнетақы активтерін теріс валюталық қайта бағалау есептелді.
«Инвестициялық табыс мөлшерін кемі бір жылда талдаған орынды. Апта сайынғы, ай сайынғы деректер айқын нәтиже көрсетпейді, өйткені, ол нарықтың үнемі өзгеруіне тәуелді. Мысалы, салымшылардың (алушылардың) жеке зейнетақы шоты бөлінген 2021 жылғы таза инвестициялық табыс сомасы шамамен 1,4 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде түскен жарналар сомасынан асып түсті (1,3 трлн теңге). Ұлттық банктің басқаруымен БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері бойынша кірістілік 2021 жылдың басынан бері 11,13% болса (бұл мерзімді банк депозиттері бойынша табыстылықтан жоғары), инфляция 8,4% құрады», - делінген БЖЗҚ хабарламасында.