Шекаралас аймақтарда пәтер жалдау 50% қымбаттады
Жалдамалы баспананың қымбаттауы инфляцияны күшейтті
Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, қыркүйектегі инфляция деңгейі тамызбен салыстырғанда 1,8% өсті. Қыркүйек айында инфляцияның ең жоғары өсім қарқыны ақылы қызметтерде байқалған – 2,7%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 1,9% қымбаттады, тұтыну бағалары индексіндегі ең мардымсыз қымбаттағаны азық-түлік болып отыр – 1,2%.
Ал ақылы қызметтер арасында қыркүйекте ең жоғары өсім тұрғын үйді жалға беру саласында байқалды – 13,1%, яғни сала бойынша бағасын ең қарқынды өсіргені осы болып тұр. Одан бөлек, білім беру қызметтері де 7,9% өскен.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлардың ішінен жиһаз бен тұрмыстық заттар, жуу және тазалау құралдары, жеке тұтыну тауарлары, киім мен аяқ киімдер біршама бағасын өсірген.
Азық-түлік ішінде әдеттегідей жұмыртқа бағасы, күнбағыс майы, күріш, макарон өнімдері әрқайсысы, тоқаш пен ұн өнімдері және басқалардың бағасы біршама көтерілген. Есесіне, жаңа піскен көкөністер бағасы 10,2%, картоп 8,5%, құмшекер 5,2%, жаңа піскен жемістер 3% арзандады.
Жылдық инфляция деңгейі 17,7% құрады. 2022 жылғы қыркүйекте азық-түлік тауарларының бағасы өткен жылғы қыркүйекпен салыстырғанда 22,2% өсті, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 17%, ақылы қызметтер 12,3% көтерілді.
АҚТӨБЕДЕ ТӘУЛІКТІК ПӘТЕР ЖАЛДАУ ЕКІ ЕСЕ ҚЫМБАТТАДЫ
Krisha.kz-тің өткен апта соңындағы мәліметінше, жалдамалы баспанаға деген ең көп сұраныс Орал, Ақтөбе, Қостанай, Петропавл мен Павлодарда байқалған. Және баспана жалдау ақысының ең көп қымбаттағаны да осы Ресеймен шекаралас өңірлерге тиесілі – 50% өскен. Ақтөбеде тіпті, тәуліктік баспана жалдау құны бірден екі есе артқан.
Мәселен, Ақтөбе облыстық ПД көші-қон қызметі басқармасының мәліметінше, 21-27 қыркүйек аралығында облысқа 3 мыңға жуық ресейлік келген. Осы аралықта 14 ресейлік азамат облыста тұрақтап қалуға рұқсат алу үшін өтініш білдіріпті.
СҚО-да одан да көп. Облыстық ХҚКО мәліметінше, Ресейде ішінара мобилизация жарияланған күннен бері ЖСН алуға 5 мыңға жуық ресейлік өтініш білдірген. Ал тұрақтап қалғысы келетіндер аз екен. Қазірге дейін 267 ресейліктен өтініш түсіпті.
Ал Шымкент, Түркістан, Тараз бен Көкшетауда сұраныс аз болса керек, баға өсімі байқалмапты.
Ал Астана мен Алматыда пәтер жалдау 5,6% және 5,1% шамасында ғана қымбаттапты.
Бір қызығы, Атырауда жалдау ақысы бірден 40% көтерілген екен. Krisha.kz сарапшылары оны жәй спекуляция деп отыр.
Әйтсе де бәрібір еліміздегі ең қымбат жалдау ақысы Алматыда. Орта есеппен шаршы метрін 5 435 теңгеден жалға беріп жатыр. Яғни, бір бөлмелі пәтер шамамен айына 200 мың теңгеден асып тұр.
Қала |
1 бөлмелі |
2 бөлмелі |
3 бөлмелі |
Алматы |
220 000 |
350 000 |
500 000 |
Астана |
180 000 |
250 000 |
400 000 |
Ақтау |
120 000 |
140 000 |
182 500 |
Ақтөбе |
175 000 |
250 000 |
350 000 |
Атырау |
157 500 |
250 000 |
290 000 |
Қарағанды |
130 000 |
160 000 |
240 000 |
Қостанай |
200 000 |
250 000 |
300 000 |
Павлодар |
150 000 |
180 000 |
300 000 |
Петропавл |
135 000 |
200 000 |
225 000 |
Орал |
170 000 |
250 000 |
300 000 |
Өскемен |
120 000 |
150 000 |
210 000 |