Halyq Uni логотип
×

«Оның пайдасы жоқ». Өскенбаев жалға берілетін пәтердің бағасын қалай реттеуге болатынын айтты

Соңғы уақытта Қазақстанда жалға берілетін пәтердің бағасы күрт өскен

 Дәурен Ерболат 04.10.2022 | 15:34
«Оның пайдасы жоқ». Өскенбаев жалға берілетін пәтердің бағасын қалай реттеуге болатынын айтты
фото: ОКҚ

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев жалға берілетін пәтердің бағасын қалай реттеуге болатынын айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ведомство басшысының айтуынша, елімізде үйді жалға берудің 2 түрі бар: сатып алу құқығынсыз және құқығымен.

«Мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал топтарға жалға пәтер беріледі. Оның бағасы белгіленген, үйді сатып алуға құқық берілмейді, бір айға жалдау құны – 10-15 мың теңге. Сондай-ақ үйді сатып алу құқығымен де пәтерлер жалға беріледі. Алайда жеке сектордағы үйді жалға беру нарығын ешкім реттемейді. Мұндағы мәселе күрделі... Мен саланы әкімшілік жолмен реттеуге қарсымын», - деді Қайырбек Өскенбаев ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Министрдің пікірінше, жалға берілетін үй нарығында бағаны реттеу үшін қазақстандықтарға заңды жолмен табыс табуға мүмкіндік беру керек.

«Біз өз ұсынымызды дайындап жатырмыз яғни инвестиция тартуға мүмкіндік беретін жалға беру нарығын қалыптастыру әрі табыс табуға мүмкіндік беру. Мысалы, мемлекеттік қызметкерлер, зейнеткерлер, дәрігерлер мен педагогтар үйді жалға берумен айналысатын акционерлік қоғамның («Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ – автор) акциясын сатып алуға мүмкіндік беру керек. Кейін бұл кәсіпорын жылжымайтын мүлікке қаржы құйып, тоқсан сайын табыс таба алады, адамдарды қамтамасыз етеді», - деді ведомство басшысы.

Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, Қазақстанда үй кезегінде тұрғын адамдар көп.

...Сондықтан мемлекет осы адамдар үшін үйлерді жалға аламын деп бастама көтере алады. Егер бұл симбиоз жүзеге асса, үйлерді жалға беретін жеке қорға ақша салған адамдар белгіленген табысқа ие болады. Мен осындай экономикалық жолмен бұл мәселені шешуге болады деп ойлаймын. Қазір біз өзгерістерді енгізіп жатырмыз, - деді министр.

Ол бұл мәселені әкімшілік жолмен шешу нәтиже бермейді деген пікірде.

Үйлерін жалға беретін адамдар бизнеспен айналысып жүргенін түсінуі керек. Сондықтан олар жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлеуі шарт. Оларды бағаны өзгертуге мәжбүрлей алмаймыз. Оның пайдасы жоқ, - деп түйіндеді сөзін Қайырбек Өскенбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама