Қайғылы оқиға демалыс күні болған
Көкшетауда анасын кірпішпен ұрып өлтірді деген күдікпен 62 жастағы адам ұсталды деп хабарлады Polisia.kz.
2 қазанда полиция бөліміне егде жастағы әйелдің өлгені туралы ақпарат түскен. Тәртіп сақшыларына марқұмның ұлы хабарласып, 92 жастағы анасының құлап, салдарынан қайтыс болғанын айтқан. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы барды. Тергеушілер жалғыз куәгер – зейнеткердің 62 жастағы ұлынан жауап алған.
Алдын ала тергеу барысында полиция егде жастағы әйелдің басына соққы жасалғанын, қылмысқа зейнеткердің ұлының қатысы барын анықтаған. Күдікті анасын кірпішпен ұрған. Салдарынан ол қайтыс болған, - деп жазылған хабарламада.
62 жастағы ақмолалық өз кінәсін мойындап, қайғылы оқиға болған күні мас болғанын, анасымен сөзге келіп қалғанын айтқан.
Жанжал кезінде күдікті ашуға ерік беріп, кірпішпен анасының басынан бірнеше рет ұрған. Есін жинаған кезде өзі оқиға орнына полиция мен дәрігерлерді шақырған. Ол қылмысты жазатайым оқиға ретінде көрсеткісі келген, - деп жазылған хабарламада.
Бұл дерек негізінде Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті қамауға алынды.