Қазақстандық теннисші Astana Open турнирін сенсациямен бастады
Александр Недовесов колумбиялық Даниэль Галанды жеңді
Астанада Astana Open ATP 500 турнирінің іріктеу жарысында Александр Недовесов әлемнің 69-ракеткасы колумбиялық Даниэль Галанды жеңді.
Ол жекелей сында колумбиялық Даниэль Галанды 5:7, 7:6 (7:0), 6:2 есебімен ұтты. Бірінші партияда Александр 4:1 есебімен алға шыққанымен, сол басымдылығын сақтай алмады. Екінші сетте тай-брейкте 7:0 есебімен жеңсе, соңғы, шешуші партияны сәтті өткізді.
Тартысты матч екі жарым сағатқа созылды.
Енді Недовесов іріктеу сайыстарының финалында түркиялық Жем Илькел немесе қытайлық Чжичжень Чжанның біреуімен негізгі турнирге берілетін жолдаманы сарапқа салады. Тағы бір қазақстандық Денис Евсеев әлемнің 65-ракеткасы, бельгиялық Давид Гоффенге есе жіберді. Есеп – 1:6, 4:6.
Арысланбек Айтқұлов ресейлік Павел Котовтан 0:6, 0:6 есебімен ұтылды. Ал Григорий Ломакин түркиялық Алтуг Челикбелектен айласын асыра алмады. Есеп – 3:6, 3:6.