«6 млн доллар залал келтірген». Алматыда зағиптар қоғамының қазіргі басшылығы әділдік іздейді
Алматы соты екі түрлі шешім шығарған
Алматыдағы «Қазақ зағиптар қоғамының» бұрынғы басшысы ұйымға тиесілі 6 млн долларға жуық қаржыны жымқырғанына қарамастан жауапқа тартылмаған. Қазір аты шулы іспен «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалы айналысып жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
«Қазақ зағиптар қоғамының» қазіргі басшылығы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігіне ұйымның бұрынғы төрағасына қатысты іс бойынша көмек сұрап, өтініш білдірген.
«Әділдік жолы» РҚБ Алматы қалалық филиалының мәліметі бойынша, зағиптар қоғамының бұрынғы басшысы Әубәкіров 1983 жылдан бері ұйымға жетекшілік еткен. 30 жылдан астам уақыт басшы болып тұрған кезінде ұйымның активтерін жекеменшікке өткізгені белгілі болды. Атап айтқанда 2006 жылы «Қазақ зағиптар қоғамының» құрылымдық бөлімшесіне тиесілі болған балалар лагері мен оның жерін 585 000 теңгеге сатып жіберген.
«Лагердің сол кездегі құны шамамен 6 млн долларға бағаланды. Жылдар бойы ол беймәлім болып келген, тек 2018 жылы белгілі болды. Әубәкіровтің жақтасы кәнісін мойындап, өкінген соң және қылмыстық жазаға тарту мерзімі өтіп кеткендіктен ол босатылды», - дейді «Әділдік жолы» РҚБ Алматы қалалық филиалының директоры Бауыржан Мақұлбаев.
Ұйымның тәртібі бойынша қоғамға тиесілі мүлікті сатпас бұрын жиын өткізілуге тиіс болған.
Ол «Қазақ зағиптар қоғамына» тиесілі мүлікті тек қоғам мүшелерімен жиын өткізіп қана сату керек болған, алайда ешқандай жиын өткізілмеген. Экономика ғылымдарының докторы ұйымның тәртібін білмеді дей алмаймыз. Былтыр бірінші инстанцияда сот оны кінәлі деп таныды. Ал аппеляциялық сот анкеталық мәліметі өзгертілгендіктен (паспорты ауыстырылған) үкімнің күшін жойды. Алдымен жеке басын анықтап, сотқа қайта жолдау қажет болды, - деп қосты ол.
Алайда қайтадан сотқа берген кезде судья Әубәкіров ҚЗҚ тиесілі жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің үлесін сатқандықтан залал сомасын 585 000 теңгеге бағалап, оны сот залынан босатып жіберген.
«Бұл соттың 100 пайыз мүдделі екенін көрсетеді. Екі сот та бір ғимаратта отырады, бір жерде жұмыс істейтін әріптестер. Бар болғаны 585 мың теңгеге бағалап, сот залынан босатып жіберді. 6 млн долларды залал келтіргенінен қарамастан бұрынғы төраға жауапкершіліктен құтылып кетті. Бір соттан бір факт бойынша екі түрлі үкім болғандықтан, судьялардың қылмыстық заңды өз қалауы бойынша пайдалануға және түсіндіруге құқығы бар ма? Бұл қоғамның тарапынан үлкен наразылық тудырып отыр. Біз қазір «Қазақ зағиптар қоғамының» өтініші бойынша апеляциялық шағым әзірлеп жатырмыз», - деді Бауыржан Мақұлбаев.
Еске сала кетейік, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі жемқорлықтан таза мәдениет қалыптастыру бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асырады. Халықтың әлеуметтік аз қамтылған тобына тегін заңгерлік, құқықтық көмек көрсетеді. Бүгінде білестіктің еліміздің 17 өңірінде филиалдары жұмыс істейді.