Ата-аналары аудандық полиция бөліміне шақыртылды
Атырау облысында 9 жасөспірім балабақшаның ішіне кіріп, астан-кестеңін шығарған деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқиға 1 қазанда Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында болған.
Мектеп жасындағы жасөспірімдер кешке таман «Қызғалдақ» балабақшасына кірген. Ондағы ойыншықтар мен гүлдерді шашып, бөлмелердің астан-кестеңін шығарған.
Балабақша күзетшісі теріс әрекет жасаған жасөспірімдердің екеуін ұстап алған. Ал өзгелері қашып кеткен.
Жылыой ауданының Құлсары қаласындағы балабақша ішінде болған құқық бұзушылық фактісіне қатысты 6-7 сыныпта оқитын 9 оқушы анықталды. Олардың ата-анасы аудандық полиция бөліміне шақыртылып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 127-бабы бойынша жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданды, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы 3 тәулікте түн ортасына дейін заңды өкілдерінсіз көше кезген 130-дан аса жасөспірім ұсталған. Оның ішінде екі жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған.
«Өзге жасөспірімдер тұрғылықты мекен-жайы бойынша ата-аналарына тапсырылды. Беймезгіл уақытта қыдырған 132 жасөспірімнің ата-анасына қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 442-бабымен хаттама толтырылып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді», – деп мәлімдеді ПД баспасөз қызметі.