«Сауна бар шығар». Петропавл әкімдігінің ғимаратына 1 млн теңгеге душ кабинасы орнатылады

Еркеғали Болатұлы

Ұзындығы – 1,5 метр, биіктігі 2 метр болады

фото: ашық дереккөз

Петропавл қаласының әкімдігі мемлекеттік тапсырыстар порталына 3,6 миллион теңге болатын жаңа лот орналастырған. Алайда жөндеу жұмыстарына арналған қаржының 1 миллион теңгесі қымбат душ кабинасын сатып алуға жұмсалмақ, деп хабарлады Петропавлск.news.

Дерекке сүйенсек, әкімдік ғимаратының 4-қабатына жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал жұмыстың негізгі мақсаты – ұзындығы 1,5 метр, ал биіктігі 2 метр болатын душ кабинасын орнату.

Мүмкін онда қазір сауна бар шығар? Әкімдік туралы тағы нені білмейміз? - деп жазылған басылымда.

Бөлінген қаржының 1 миллион теңгесі жұмысшылардың жалақасына, 1,5 миллион теңгесі құрылыс материалдарына, ал 848 мың теңгесі (қосымша шығындармен қоса есептегенде, бұл қаржы 916 мың теңгеге жетеді) душ кабинасына арналған.