Қызылордада газ өткізуде заң бұзған компанияға айыппұл салынды

Динара Амантай

881,4 миллион теңге монополиялық табысы мемлекет пайдасына тәркіленді

Фото: Halyq Uni

Қызылорда облысында электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газын өткізу кезінде монополиялық жоғары бағаны белгілеуге жол берген «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-ға 126,6 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қызылорда облыстық прокуратурасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мамандарымен бірлесіп, «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-не қатысты тексеру жүргізген болатын. Тексеру нәтижесінде заң бұзушылық анықталды.

Былтыр аталған серіктестік Қызылорда облысы және оңтүстік макро өңір аумағында электрондық сауда алаңдары арқылы сұйытылған мұнай газын өткізу кезінде монополиялық жоғары бағаларды белгілеген. Оны ұстап тұрумен айналысқан. Облыстық соттың қаулысына сәйкес аталған серіктестік бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу бойынша кінәлі деп танылды. Оларға 126,6 миллион теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Монополистік қызметті жүзеге асыру нәтижесінде алынған 881,4 миллион теңге монополиялық табысы мемлекет пайдасына тәркіленді», – деп мәлімдеді Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тергеп-тексеру бөлімінің басшысы Ерлан Кәрібаев.

Серіктестік тарапынан соттың санкциясында көзделген әкімшілік айыппұл мен монополиялық табысты өз еркімен мемлекет бюджетіне төленді.