Мектептердің 90 пайызында ерекше балаларға жағдай жасалмаған - депутат
Оқу-ағарту министрлігінің оған қарсы өз уәжі бар
Мәжіліс депутаттары еліміздегі мектептердің 90 пайызында мүгедектігі бар балаларға жағдай жасалмаған деп дабыл қақты. Алайда Оқу-ағарту министрлігі бұл уәжбен келіспейді.
Депутаттардың айтуынша, ерекше балалардың жүріп-тұруына кедергі көп. Көбінде арнайы жабдықталған кабинеттер жоқ. Әдістеме құралдары да тапшы. Оның үстіне логопед, дефектолог сынды арнайы мамандар жетіспейді екен.
Еліміздегі мектептердің тек 6 пайызы ғана кедергісіз ортамен, 7 пайызы ғана инклюзивті қолдау бөлмелерімен қамтамасыз етілген. Қалғанына қажетті жағдай жасалмаған. Ал білім беретін мектептердің 80 пайызында арнайы даярланған кадрлар, мұғалімдердің көмекшілері жетіспейді. Жағдай жасалмағандықтан балалар мектепке бара алмай отыр. Министрлік бұл бағытты жүйелеуге тиіс, - дейді Мәжіліс депутаты Динара Зәкиева.
Ал Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, керісінше, мектепте білім алатын мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артқан. Былтыр 49 мың болса, биыл 55 мың бала мектепте оқып жүрген көрінеді.
59,4 пайыз мектепте жағдай жасалған. Сол мектептердің ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар бар. Ал қалған мектептерде мүмкіндігі шектеулі балалар жоқ. Нақты қаражат бала бар жерге жұмсалады. Өкінішке қарай, мүгедек балалардың саны жыл санап артып келеді. Қазір 175 мыңнан асты, - деді Оқу ағарту министрлігінің басқарма басшысы Ардақ Айтжанова, Qazaqstan телеарнасына берген жауабында.
Былтыр бекітілген инклюзивті білім беру жөніндегі заң бойынша, кез келген бала мектепке баруға құқылы. Оларды санатына қарай ешкім шектей алмайды. Яғни, арнайы инклюзивті мектеп деген ұғым жоқ. Барлық мектеп келген баланың диагнозына жағдай жасауы тиіс. Өйтпеген жағдайда, мектеп басшысы жазаға тартылады.