Ақтөбеде екі оқушыны қаққан көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен
8-9 жастағы ағайындылар жаттығудан үйге қайтып келе жатқан
Ақтөбеде екі оқушыны қағып, қашып кеткен көлік жүргізушіге іздеу жарияланды. Ақ түсті көліктің иесі жолдан өтіп бара жатқан балаларды қағып өткенімен қоймай, оларды сол жерге тастап кеткен.
Айта кетсек, 8-9 жастағы ағайындылар жаттығудан үйге қайтып келе жатқан. Абырой болғанда, екеуі де аман. Бірақ басы, кеудесі мен аяғы жарақаттанған. Олар жедел-жәрдеммен ауруханаға жеткізілді.
Жағдайына байланысты екеуін реанимацияға жатқыздық. Толығымен тексерілді. Рентген, КТ жасалды. Мамандар қарады. Жалпы жағдайы тұрақты. Нашарлаған жоқ, - деді Ана мен бала денсаулығын қорғау орталығы бас дәрігерінің орынбасары Сағидолла Досмағамбетов.
Ал полицейлер қазір жауапсыз жүргізушіні іздестіріп жатыр. Оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
«Дерек бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, автокөліктің жүргізушісін анықтауға бағытталған іздестіру жұмыстары басталды», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.