Halyq Uni логотип
×

Полицейлер өз-өзіне қол салған азаматты құтқарып қалды (ВИДЕО)

Ер адам үйдегі жанжалдан соң суицид жасамақ болды

 Динара Амантай 30.09.2022 | 18:09
Полицейлер өз-өзіне қол салған азаматты құтқарып қалды (ВИДЕО)
Фото: polisia.kz

Қарағандылық полицейлер өз-өзіне қол салған азаматты құтқарып қалды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, Қарағанды қаласында түнгі сағат 03.00 шамасында ПБ Жедел басқару орталығына шағын аудандардың бірінде белгісіз біреудің өз-өзіне қол жұмсағаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына Әлихан Бөкейханов атындағы ауданда өзіне бекітілген аумақта жүрген патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Ғалымхан Қаратағанов пен Батырхан Сеймұханбетұлы аттанды. Белгілі болғандай, орталыққа хабарлама берген сол азаматтың зайыбы екені анықталды.

Оқиға орнына бара жатқанымызда қоңырау шалған азаматшамен хабарласып, үйінен далаға шығып, бізді күтуін өтіндік. Мекенжайға келген соң оны қызметтік көлігімізге отырғыздық, – дейді Ғалым Қаратағанов.

Анықталғандай, ерлі-зайыптылардың арасында жанжал болғаннан кейін ер адам үйінен кетіп қалып, қайтып оралмаған. Кейін ол ұялы телефонның бейнеқоңырау қосымшасымен әйеліне хабарласып, өз-өзіне қол жұмсайтынын айтқан. Ал әйелі оның нақты қай жерде тұрғанын білмеген. Бейнеқоңыраудағы жазбада күйеуінің балалар ойнайтын алаңда тұрғанын байқаған. Ал ол шағын ауданда ондай алаңның көп болуынан, оның нақты қай жерде тұрғанын айту қиынға соққан.

Полицейлер көрші үйлердің аулаларын тексеру барысында қызметтік автокөліктің шамы темір аспада асылып тұрған адамға түскен. Олар бірден көліктен шығып, оқиға орнына жеткенде ауызынан қан аққан азамат көлік сүйреуге арналған арқанға асылып тұрған.

Арқанды мойнынан шешіп алған полиция қызметкерлері оны жерге жатқызған. Батырхан Сеймұхамбетұлы оның кеудесін басып, алғашқы көмек көрсеткен. Арада бір екі минут уақыт өткенде ғана өз-өзіне қол жұмсаған азамат көзін ашқан. Полиция қызметкерлері оны келген жедел-жәрдем қызметкерлерімен ауруханаға жеткізбекші болған. Алайда азамат медициналық көмектен бас тартты.

Оқиғаның жай-жапсарын анықтау үшін ерлі-зайыптылар полиция бөліміне жеткізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама